Басты Жаңалықтар Тамызда еңбек кодексі өзгереді

Тамызда еңбек кодексі өзгереді

Еңбек кодексіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Енді компаниялар кейбір санаттағы азаматтарды жұмысқа қабылдамаса, себебін жазбаша түрде түсіндіруге міндетті. Ал киберқауіпсіздік еңбек тәртібінің бір бөлігі ретінде қарастырылады. Жаңа талаптар қызметкерлер құқығын қорғап, жұмыс берушілер міндетін нақтылауға бағытталған. Тамызда тағы не өзгереді? Назерке Өтеген тарқатады.

Назерке Өтеген, тілші:

Жаңа талаптарға сәйкес, Еңбек кодексінде қызметкердің ар-намысы, қадір-қасиеті мен жеке өміріне қол сұқпау құқығы алғаш рет заңмен бекітілді. Енді компаниялар кейбір санаттағы азаматтарды жұмысқа қабылдаудан бас тартса, оның себебін жазбаша түрде көрсетуге міндетті. Бұдан бөлек, заңда белгіленген міндетті медициналық тексеру мен скринингтен өткен кезде қызметкердің жұмыс орны сақталып, орташа жалақысы төленеді. Сондай-ақ, еңбек қауіпсіздігі күшейді.

Ерболат Абулхатин, ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры:

Әрбір жұмыс беруші өзінің мүлкін, қолданатын құрал-жабдықтардың бәрін техникалық сәйкестендіріп, азаматтарды қорғауға міндеттелетін болады. Барлық активтерін, өндіріс обьектілерін, станок құралдарын еңбек қауіпсіздігіне, талабына сәйкес келтіру  жұмыс берушіге міндеттеме беріліп отыр осы заңнамаға сәйкес.

Назерке Өтеген, тілші:

Ал 13 тамыздан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптар күшейеді. Бұрын мемлекеттік қызмет атқарып, жүріп, пара алған азаматтар кейбір лауазымдық орынға баруына шектеу қойылады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда кадрлық рәсімдер бірыңғай цифрлық жүйеге көшеді. Оған: жұмысқа қабылдау, еңбек шарты, ынталандыру, тәртіптік жаза және жұмыстан босату туралы мәліметтер енгізіледі.

Назерке Өтеген, тілші:

Бұдан былай киберқауіпсіздік еңбек тәртібінің бір бөлігі ретінде қарастырылады. Бұл өзгеріс 25 тамыздан бастап күшіне енеді. Қызметкер ұйымның цифрлық сақтық шараларын орындауға міндетті. Тиісінше, жұмыс берушілер еңбек тәртібі ережелері, ішкі актілер және киберқауіпсіздік талаптары енгізілетін құжаттарды жаңартуы қажет. Бұл - өзгерістердің арқасында ұйым басшыларына жаңа міндеттер жүктеліп, қызметкерлердің құқығы күшейе түседі деген сөз.


Бөлісу