Жас суретшілер Абай шығармаларын бейнеледі
Ұлы Абайдың мұрасы - балалар көзімен. Бүгін Астанада 150-ге жуық жас суретші бір алаңға жиналып, ақын шығармаларын қылқаламмен бейнеледі. Абай онкүндігі аясында ұйымдастырылған ерекше шара елордада алғаш рет өтті.
Шығармашылық байқау өнерлі балалардың қиялына қанат бітіргендей. Бірі ақынның «Желсіз түнде жарық ай» өлеңін қағаз бетіне түсірсе, енді бірі жыл мезгілдеріне арналған туындыларын бейнеледі. Ал кей қатысушы Абайдың «Әзім» дастанына таңдапты.
Дарина Молдакимова, қатысушы:
Бүгінгі менің суретім - Абайдың «Әзім» шығармасына сурет салдым. Бұл шығармасында басты кейіпкер Әзім, білімді іздеп ұзақ сапарға шығады. Ұзақ жолда әртүрлі адамдармен, қиындықтармен кездеседі.
Сұлтан Оразай, қатысушы:
Мен Абайдың «Жаз» өлеңіне байланысты сурет салып жатырмын. Ұнады. Кішкентай кезімнен бері көптеген сурет салдым.
Іс-шараға қаладағы қосымша білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау балалардың шығармашылық қабілетін шыңдап қана қоймай, Абай мұрасын тереңірек тануына мүмкіндік береді.
Жәнібек Қуанышбеков, балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының бөлім әдіскері:
Бүгінгі іс-шара өскелең ұрпақтың бойына ұлы ақын Абайдың мұрасын бойына сіңіру және өнерге қызығушылығын арттыруға бағытталған. Өздерінің қиялынан қағаз бетіне суретпен Абай атамызың мұрасын қара сөздерін, өлеңдерін қалай түсінеді, соны қағазға түсіріп жатыр. Жалпы, бұл жас ұрпақтың өнерге деген қызығушылығын арттыруға және олардың өнерін қолдауға бағытталған іс-шара.
Ұйымдастырушылар Абай шығармаларын салған суреттерден арнайы көрме әзірлеп, көпшілік назарына ұсынбақ. Мұндай шығармашылық шараларды алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып отыр
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы