Басты Жаңалықтар Ел жаңалықтарына шолу

Ел жаңалықтарына шолу

Алғаш рет жолаушы мінген ұшқышсыз әуе көлігі көкке көтерілді

Астаналықтар EH216-S ұшқышсыз жолаушылар әуе көлігінің демонстрациялық ұшуы сәтіне куә болды. Бұл – Қазақстан тарихында жолаушы мінген ұшқышсыз әуе аппаратының алғаш рет көкке көтерілуі. Электр қуатымен қозғалатын аппарат сағатына 130 шақырым жылдамдықпен 35 шақырымға дейін тоқтаусыз ұша алады. Көлік министрлігінің мәліметінше, алғашқы кезеңде еліміздің көрікті жерлері үстімен 5–30 минуттық туристік және демонстрациялық бағыттарды іске қосу жоспарланып отыр. Ал болашақта ұшқышсыз әуе жүйелерін медициналық көмек көрсету, дәрі-дәрмек жеткізу, өрт сөндіру және логистика салаларында пайдалану көзделген.

Елде дрон өндірісінің жаңа кезеңі басталады

Павлодардағы кәсіпорын дрон өндірісінің жаңа кезеңіне көшуді жоспарлап отыр. Ендігі мақсат – дронның негізгі бөлшектерін ел ішінде шығару. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, қазір өндірістің екінші кезеңі басталып, дрон корпустарын жасау жолға қойылған. Ал алдағы уақытта қозғалтқыштар, жерүсті басқару станциялары мен бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесі де елде өндірілмек.

Мектептерде жасанды интеллект жеке пән ретінде оқытыла бастайды

Елдегі мектептерде жасанды интеллект жеке пән ретінде оқытыла бастайды, енді бастауыш сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5–11 сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» деп аталады. . Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, оқу бағдарламасына 43 жаңа оқу мақсаты енгізілді.

«Астана» велошабандозы «Польша турында» жүлдегер атанды

Astana Team командасының италиялық шабандозы Алессандро Ромеле «Польша турының» үшінші кезеңінде қола жүлдеге ие болды. Ұзындығы 193,5 шақырымды құраған кезең жаппай спринтпен аяқталды. Мәреге бірінші болып Lidl-Trek командасының өкілі Джонатан Милан келсе, екінші орынды EF Education-EasyPost шабандозы Ноа Хоббс иеленді.


Бөлісу