Басты Жаңалықтар Әлем жаңалықтарына шолу

Әлем жаңалықтарына шолу

Енді әлемді елең еткізген басты жаңалықтарға тоқталсақ.

Айға ракетаның бір бөлігі соғылуы мүмкін

Илон Масктің SpaceX компаниясы былтыр ұшырған ракетаның сынығы бүгін Айға соғылса керек. Астрономдардың сөзінше, бұл нысан Жердің табиғи серігіне сағатына 8700 шақырым жылдамдықпен жететін болса, Ай бетінде шаң көтеріліп, 30 метрлік кратер пайда болып, онда адам қолымен жасалған объектілер саны 3 мыңға жетеді.

Римде Израиль–Ливан келіссөздері басталды

АҚШ-тың Римдегі елшілігінде Израиль–Ливан келіссөздерінің жаңа раунды басталды. Кездесуде үш басты мәселе талқыланады. Олар – Ливанның оңтүстігіндегі қауіпсіздік аймағының келешегі, шекаралық дауларды реттеу және «Хезболла» тобын қарусыздандыру.

Газада бір әулеттің 112 мүшесі жерленді

Бүгін Газа секторында бір әулеттің 112 мүшесі жерленді. Әбу әш-Шәрия және әл-Хассайна отбасы 2023 жылы қарашаның 22-де Израиль әуе күштері үйлеріне бомба тастағанда жаппай қырғынға ұшыраған. Жергілікті биліктің мәліметінше, бұл палестиналық анклавтағы үйінділер астында әлі 8 мыңдай адамның мәйіті жатыр.

Ағылшын каналында 157 мигрант құтқарылды

Францияның жағалау күзеті Ағылшын каналында өртене бастаған қайықтан 157 мигрантты құтқарып алды. Бұл операцияға үш кеме тартылған. Айта кетсек, өткен аптада дәл осы Ла-Маншта үш мигрант қаза тапты. Британияның жаңа үкіметі мигранттарды осал қайықтармен Еуропаға жөнелтетін адам саудагерлерімен аяусыз күрес жүргізуге уәде беріп отыр.


Бөлісу