Құрылтай сайлауына 19 күн қалды
Саяси доданың уақыты жақындаған сайын партиялардың үгіт-насихат жұмыстары қыза түсті. Депутаттыққа кандидаттар еліміздің барлық аймағын аралап, сайлауалды тұғырнамасын таныстырып жүр. Бүгін де партия өкілдері өндіріс ошақтары мен кәсіпорындарға барып, бірқатар кездесу өткізді.
«Әділет» партиясының кандидаттары сайлаушыларымен кездесті
«Әділет» партиясының Құрылтай депутаттығына кандидаттары Батыс Қазақстан облысына барып, бірқатар кездесу өткізді. Тұрғындар энергетиканы дамыту, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, ауылдарды қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру мәселелерін көтерді. Ал еңбек ұжымдарымен кездесулер барысында отандық өнеркәсіпті дамыту, өндірістерді жаңғырту, инженерлік желілердің сенімділігін арттыру және қазақстандық өндірушілерді қолдау мәселелері талқыланды.
Айдос Сарым, «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Энергетика саласын түгелдей жаңалайын деп жатырмыз. Қала-қаладағы, облыс-облыстағы жылу орталықтары бар. Электр жүйесі бар. Ескіргені бар. Ауылда тозғаны бар. Осының бәрін жаңарту – алдағы 5 жылдықтың үлкен міндеті.
ЖСДП кандидаттары еңбек ұжымымен кездесті
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттағына кандидаттар Ақмола облысы Сандықтау ауданының тұрғындарымен кездесті. Орталық кітапханада өткен жиында мәдениет және білім саласы мамандарының еңбек жағдайын жақсарту жайы талқыланды. Сонымен бірге, қатысушылар халықты әлеуметтік қолдау, ауылдағы инфрақұрылымды дамыту мәселесін көтерді. Ал Қостанайда партия өкілі ерекше кейіпке еніп, тұрғындарға үгіт-насихат материалдарын таратты. Сонымен бірге, саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасы туралы айтып берді.
Ербол Аханов, ЖСДП партиясы облыстық филиалының өкілі:
Акцияның ерекшелігі неде десеңіз, қала көшлереніне біздің социал-демократ суперқахарманы шығып біздің партияның ақпараттық парақшаларын таратып, біздің жетістіктермен таныстыру. Тұрғындардың қабылдауы өте жақсы негізі.
«Байтақ» жасылдар партиясының эко-керуені жолға шықты
Қызылорда облысында «Байтақ» жасылдар партиясының республикалық эко-керуені жолға шықты. Акцияның ресми ашылуы Арал қаласындағы «Балықшылар аллеясында» өтті. Шара барысында жергілікті белсенділерге партия туы табысталды. Керуен елдің алты облысы мен республикалық маңызы бар екі қаланы қамтып, Астанада түйінделеді. Он күндік сапар барысында партия өкілдері тұрғындармен жүздесіп, сайлауалды бағдарламаны таныстырады. Сонымен қатар әр өңірдегі экологиялық және әлеуметтік мәселелерді талқылау жоспарланған. Еске сала кетейік, «Байтақ» жасылдар партиясы атынан Құрылтай сайлауына 47 адам ұсынылған. Оның 38 пайыздан астамы жастар, әйелдер мен инклюзивті топқа кіретін азаматтар.
Азаматхан Әміртаев, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы:
Агитациялық экологиялық керуенді Арал қаласынан бастады. Арал қаласынан бастағанымыздың себебі — Арал, ол әлемдік дәрежедегі экологиялық катастрофа. Тәуелсіз Қазақстан Көкарал бөгетін құрып, салып, кіші Аралды қайта орнына келтірді.
ҚХП өкілдері кәсіподақ жетекшілерімен кездесті
Павлодарда Қазақстан Халық партиясының өкілдері кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерімен кездесті. Жиында партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылған еңбек және әлеуметтік салаға қатысты ұсыныстар таныстырылды.
Кездесу барысында кәсіподақ ұйымдарының өкілдері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелерді көтерді. Тараптар еңбек құқықтарын қорғау, еңбек қауіпсіздігі, жалақының уақытылы төленуі, әлеуметтік қолдау, кәсіподақтардың еңбек ұжымдарындағы рөлі мәселелерін талқылады. Сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, адами капиталды дамыту және ауыл жастарын жұмыспен қамтуға қатысты ойларын ортаға салды.
Асылбек Нұралин, Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Біздің жаңағы еңбекшілеріміздің өкілдері осы жерде болды. Олар көптеген бізге сұрақтар қойды. Өздерінің ойларын ортаға салды. Одан қатар біз әлеуметтік мәселелерге көп көңіл бөлуіміз керек. Сонымен қатар біз анау адами капиталға салынған инвестиция туралы да айттық. Ол мәселені елдің ұзақ мерзімді дамуының басты кепілі деп ойлаймын мен.
«Ауыл» партиясының өкілдері еңбек ұжымдарымен кездесті
«Ауыл» партиясының атынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Солтүстік Қазақстан облысында сүт зауыты мен тұрғындарды ауыз сумен қамтып отырған коммуналдық мекеме ұжымымен кездесті. Басқосуда сүтті мал шаруашылығын, қайта өңдеу саласын дамыту, отандық тауар өндірушілерді қолдау, азық-түлік қауіпсіздігі және ауыз су мәселелері талқыланды. Партия өкілдері тұрғындармен пікір алмасып, ауылдық жерлерде қандай түйіткілді мәселелер барын білді.
Қайрат Айтуғанов, «Ауыл» партиясының төрағасы:
69 кандидат Құрылтайға. Олар Қазақстан бойынша барлық өңірлерде жүр. Ақмола облысы, Қостанай облысы, СҚО-да. Енді қалған 3 аптада мен әлі 7 өңірді аралап шығамын. Бүгінгі кездесу өте жақсы өтті, жұмысшылармен сөйлестік, технологтармен сөйлестік.
«Ақ жол» партиясының өкілдері еңбек ұжымымен кездесті
«Ақ жол» партиясының кандидаттары Жамбыл облысындағы үгіт-насихаттың екінші күнінде былғары мен аяқ киім өндіретін зауатқа барды. Өндіріс орнын аралап, еңбек ұжымымен кездесті. Жұмысшыларға саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, негізгі бағыттары туралы ақпарат берілді. Жиында өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және еңбек адамының мәртебесін арттыру жайы сөз болды. Дәл осындай шара Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында жалғасты. Медицина қызметкерлері саладағы өзекті мәселелерді көтеріп, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстарын айтты.
Дания Еспаева, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:
Қазір міне осы «ТаразКожОбувь» керемет 65 жылдық тарихы бар өндіріс. Бірақ бүгінгі күні 25 пайыз дейін жұмыс істеп тұр. 100 пайыз жұмыс атқаруы үшін кедергілер бар.Сол кедергілерді шешу үшін біз өзіміз болашақта заң бойынша шешімдер табуымыз керек.
Respublica партиясының мүшелері еңбек ұжымдары және жастармен кездесті
Respublica партиясысың өкілдері Түркістандағы бірнеше кәсіпорында болды. Алдымен тоқыма өнеркәсіптік кешенінің, одан кейін өндірістік аймақтағы кәсіпорын жұмысшыларымен кездесті. Еңбек ұжымдарына партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтар таныстырылды. Өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және еңбек адамының мәртебесін көтеру мәселелері талқыланды. Ал «Ақжайық» музыка мектебінің ұжымымен кездесуде қосымша білім беру жүйесін дамыту, жастарды қолдау жайында пікір алмасты.
Олжас Құспеков, Respublica партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Өзіміз негізі жастар партиясымыз барлығымыз. Жастардың көп сұрақтары, қызығатындай ұсыныстары бар екен. Жастар кәсіпкерлігі бар, жастардың жатақханасы бар, жастардың тәжірибеден өтуі, жұмысқа орналасуы барлық сұрақтар - ол осы күнге дейін де болған нәрселер.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы