Шалғайдағы ауылда болашақ чемпиондар жаттығып жүр
Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында ауыл бапкері болашақ чемпиондарды табиғат аясында жаттықтырып жүр. Қара жолдың шаңын шығарып, тауға қарай жүгірген қарадомалақтар жұртшылықты тәнті етті. Бейнежазбадағы жас палуандардың ерекше жаттығуы таңдай қақтырмай қоймайды.
Темірдей тәртіп. Төзім мен табандылық. Жеңіске деген жігер. Желіде тарап, бұқараны сүйсінткен бейнежазба дәл осы жерде түсірілген. Бұлар – Теректі ауылындағы аудандық спорт мектебінде грек-рим күресі үйірмесіне қатысып жүрген қарадомалақтар. Олардың бапкері Айдын Сүлейманов он жылдан бері болашақ чемпиондарды тәрбиелеп келеді.
Мирлан Ерболат, грек-рим күресі үйірмесіне қатысушы:
Осы спортқа кішкентай кезімнен қатысып келе жатырмын. 8 жыл болды. Жеке бапкерім - Сүлейманов Айдын Нұрланұлы, бала кезден тасып жүр, туған баласындай қарайды. Ол менің бапкерім ғана емес, екінші әкем. Ағайдың арқасында үлкен турнирлерде жүлде алып, чемпион боп жүрмін. Ағайыма рахмет айтқым келеді.
Ислам Төлегенов, грек-рим күресі үйірмесіне қатысушы:
Грек-рим күресінен мақсатым - Қазақстан чемпионы болу, Азия, Әлем чемпионы болу. Қазақтың көк Туын желбіреткім келеді. Ағайымның үмітін ақтағым келеді.
Айдын Нұрланұлы он жылда 15 спорт шеберлігіне кандидатты дайындаған. Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі үйірмеге қазір 20 өрен қатысып жүр. Бапкер 7 мен 16 жас аралығындағы жеткіншектерді грек-рим күресіне баулиды. Оның айтуынша, жаттығуды әлеуметтік желіге жүктегендегі мақсат – танымал болу емес, әр шәкірттің спорттағы алғашқы қадамын сақтап қою. Бапкердің атына қанық ата-аналар ұлдарын Жайық, Покатилов, Долинный ауылдарынан осы залға арнайы алып келеді.
Айдын Сүлейманов, грек-рим күресінен жаттықтырушы:
Ата-аналар «еті сенікі, сүйегі менікі» деп береді, 20-ның үстінде бала бар. Жаңа тауға қарай жүгіріп жатырмыз. Бұл аяқтың бұлшықетін дамытуға, баланың өсуіне де сеп.
Желі жұлдызына айналған жас палуандардың арманы – әлемдік додаларда жеңіс тұғырынан көріну. Ауылдың шаңын көтеріп, биікке ұмтылған балақайлардың жолы – болашақ чемпиондардың даңғыл жолы болатынына жаттықтырушының сенімі зор.
Автор
Ардақ Мұратқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» акциясына қатысты
19.09.2026, 21:27
Дүниежүзілік тазалық күні: Еліміз бойынша жалпыхалықтық сенбілік өтті
19.09.2026, 20:30
Астанада тазылар көрмесі өтті
19.09.2026, 19:35
Шымкентте биыл мыңнан астам отбасыға үй беру жоспарланған
18.09.2026, 20:13
Ақмола астығы Еуропа нарығына шықты
18.09.2026, 20:11
Almaty Superski жобасы өңірдің экономикасы мен туризмін дамытуға серпін береді
18.09.2026, 20:11
Абай облысында ЖИ-ді қолдану жиіледі
18.09.2026, 20:06
Президент елшілерден сенім грамоталарын қабылдады
18.09.2026, 20:05