Басты Жаңалықтар Балалы отбасыларға қандай жәрдемақы беріледі?

Балалы отбасыларға қандай жәрдемақы беріледі?

Балалы отбасылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Елімізде бала тууға ынталандыруды, балаларды отбасында тәрбиелеуді қолдауды және көпбалалы аналардың мәртебесін арттыруды көздейтін мемлекеттік қолдау жүйесі қалыптасқан. Бұл жүйе мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік қамсыздандыру шараларын қамтып, әрбір отбасының әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

Елімізде баласы бар отбасыларды қолдауға бюджеттен бес түрлі жәрдемақы қарастырылған. Олар: баланың дүниеге келуіне, бала күтіміне, көпбалалы отбасыларға, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне, сондай-ақ мүгедектігі бар баланың қамқоршысына төленеді. Сонымен қатар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан екі әлеуметтік төлем беріледі. Олар – жүктілік пен босануға, сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне төленетін әлеуметтік төлемдер.

Биыл балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауға бюджеттен 974 миллиард теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19,1 пайызға көп. 1 шілдеге дейін сәби дүниеге әкелген 149 мыңнан астам анаға біржолғы жәрдемақы тағайындалды. Бірінші, екінші және үшінші балаға – 164 мың теңге, ал төртінші және одан кейінгі балаға 272 мың теңге төленеді. Жұмыс істемейтін аналарға да бала бір жарым жасқа толғанға дейін жәрдемақы беріледі. Оның мөлшері отбасындағы бала санына қарай сараланады.

Гүлмира Жәкенқызы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ана мен баланы қолдау басқармасының басшысы:

Мүгедектігі бар баланы қолдау мақсатында оның қамқоршысына ай сайынғы жәрдемақы қарастырылған. Оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейіне тәуелді. Биылғы мөлшері – 81 мың 870 теңге. Оны 117 мың отбасы алып отыр. Жыл басынан бері бұл мақсатқа 59 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды.

Көпбалалы аналарды қолдау да мемлекет назарында. «Күміс алқа» иегерлеріне ай сайын 27 мың теңге, ал «Алтын алқа» иегерлеріне, сондай-ақ бұрын «Батыр ана» атағын алған және I, II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған аналарға 32 мың теңге жәрдемақы төленеді. Бұл төлеммен 248 мыңнан астам ана қамтылған.

Сондай-ақ төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы бар отбасыларға қосымша жәрдемақы төленеді. Бүгінде бұл төлемді 635 мыңнан астам отбасы алып отыр. Төрт баласы бар отбасыға – 69 мың теңге, бес баласы бар отбасыға – 86 мың теңге, алты баласы барларға – 104 мың теңге, ал жеті баласы бар отбасыға 121 мың теңге төленеді. Сегіз және одан көп баласы бар отбасыларға әр бала үшін 17 мың теңгеден беріледі.

Айта кетейік, биыл барлық жәрдемақының мөлшері 10 пайызға артты.


Бөлісу