Өңірлерде жаңа инфрақұрылымдық,көлік және әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру аясында еліміздің өңірлерінде біршама маңызды жұмыстар жүргізіліп келеді. Бірқатары өткен аптада іске қосылды.
Мәселен, Ақмола облысында 12 теміржол вокзалдарын реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Апатты жағдайдағы және ескірген ғимараттар орнына кеңейтілген күту залдары бар жаңа кешендер салынды.
Ақтөбе облысында да Шалқар және Шұбарқұдық стансалары теміржол вокзалдарын жаңартылды. Нәтижесінде вокзал алаңдары екі есе ұлғайды.
Ал Алматы облысы Іле ауданында қуаты жылына 3,5 млн шинаға дейін жететін San Baiserke қойма кешені пайдалануға берілді. Нысан бүгінде ТМД-да шиналарды сақтауға арналған ең ірі логистикалық хаб. Жаңа орталық Қазақстан өңірлеріне және Орталық Азия елдеріне өнімді көтерме жеткізуді қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ Түркістан облысында ұзындығы 40 шақырымға жуық «Тама-Тастанбек» топтық су құбыры пайдалануға берілді. Жоба нәтижесінде Шардара қаласының 31 мыңнан астам тұрғыны жерасты су көзінен алынатын сапалы тіршілік нәрін пайдаланатын болды.
Ұлытау облысы Сәтбаев қаласында халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жататын 30 отбасы қоныс тойын тойлады. Жоба жергілікті әкімдік пен Отбасы банкі арасындағы келісім шеңберінде жүзеге асырылған. Сондай-ақ жыл соңына дейін өңірде шамамен 900 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы