«Бейнеу – Сексеуіл» жолы аймақтың транзиттік әлеуетін арттырады
«Бейнеу – Сексеуіл» автомобиль жолының 125 шақырымы Маңғыстау облысы арқылы өтеді. Жоба аяқталған соң Ақтау мен Құрық порттарына тасымалданатын жүк ағыны артып, өңірдің транзиттік мүмкіндігі кеңейе түспек. Одан бөлек, туризмнің дамуына, кәсіпкерліктің жандануына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына оң әсерін тигізеді. Аягөз Оралбайқызы тарқатып айтады.
Тілші: Бүгінде Маңғыстау мен еліміздің оңтүстік өңірлерін жалғайтын негізгі автожол Ақтөбе облысы арқылы өтеді. Ал жаңа магистраль пайдалануға берілгеннен кейін жол шамамен 900 шақырымға қысқарып, жүк жеткізу мерзімі 5 тәуліктен 3 күнге дейін азаяды деп күтілуде. Жаңа автожолдың құрылысын тұрғындар көп күтті. Олар бұл жоба өңірдің дамуына серпін береді деп сенеді.
Ардақ Бораш, Бейнеу ауылының тұрғыны:
Бейнеу ауылы, өзіңіз білесіз, ежелден де тоғыз жолдың торабы деп айтылатын еді. Енді, міне, нағыз іске асты. Бізден төрт бағытқа да жолымыз ашылып жатыр. Бұл тіке жол болғаннан кейін осы уақытқа дейін көп азаматтар қара жолмен қатынап жүрді.
Мемлекет басшысы «Арал – Каспий магистралі» деп атаған жаңа жол Қызылорда облысының Сексеуіл ауылынан Маңғыстауға дейінгі арақашықтықты 30 сағатқа дейін, Ақтау және Құрық теңіз айлағына Қытайдан транзит жүктердің келу уақытын 1100 шақырымға қысқартпақ.
Тұрбек Спанов, жол саласының ардагері:
Қытайдан Алматы арқылы келетін жүктер бар, біздің Құрық теңіз порты бар ғой, соның дамуына, келіп жатқан Транскаспий жүктерінің келу уақытын қысқартады. СКЛ: Орташа жылдамдықпен 100-мен жүріп отырғанда 6–7 сағатқа қысқарайын деп тұр жол. Екіншісі, өзіміздің оңтүстік өңірден келетін жеміс-жидектер бар, тез бұзылатын, оларға да өте пайдалы болайын деп тұр.
Жалпы жобаға 15 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған. Нәтижесінде трасса бойында бес сервистік кешен бой көтермек. Соның алғашқысы Сыңғырлау елді мекенінде пайдалануға берілді. Құны 150 миллион теңге болатын нысанда хостел, қоғамдық тамақтану орны және демалыс аймағы жұмыс істейді.
Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:
Халықаралық маңыздылығы түсінікті жағдай. Біздің транзиттік әлеуетімізді өсіреді. Қытайдан біз арқылы жүретін жүк тасымалы уақытын едәуір қысқартады. Қысқарған соң оның бағасы да арзандайды. Сол себепті біздегі транзитке қызығушылық сөзсіз көбейеді.
Мамандардың айтуынша, «Бейнеу – Сексеуіл» автожолы Маңғыстаудың транзиттік әлеуетін арттырып қана қоймай, туризмнің дамуына, кәсіпкерліктің жандануына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына да оң әсерін тигізеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы