«Каспий-Арал» автомагистралінің құрылысы басталды
Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздің оңтүстігі мен батысын жалғайтын жаңа автожолдың құрылысы бастау алды. «Каспий-Арал» магистралі Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, халықаралық жүк тасымалын ұлғайтады.
Арал ауданы, Сексеуіл елді мекені тоғыз жолдың торабында орналасқан. Қытай мен Еуропаға қатынайтын халықаралық автодәліздің осы нүктесінен енді Каспий теңізінің Құрық портына қарай төте жол түседі.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес бұл жобалар Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға, халықаралық көлік дәліздерінің тиімділігін күшейтуге және өңірлердің экономикалық дамуына жаңа тың серпін беруге бағытталған стратегиялық бастамалар.
«Каспий-Арал» магистралі Тәуелсіз Қазақстан тарихында жолдың ізі түспеген тыңнан салынатын ең ірі күрежол болмақ. Жоба бойынша Сексеуіл мен Бейнеу аралығы екінші санатты, Қызылорда – Сексеуіл бағыты бірінші санатты жол болады. Ең бастысы, Қызылорда мен Ақтөбе арасындағы тар жол төрт жолаққа кеңейтіліп, аймақ тұрғындарының күрмеулі мәселесі шешімін табады.
Дархан Иманашев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
Мердігер компаниялар толық бүгіннен бастап кіріседі. Сосын 2029 жылға дейін қозғалысты ашуды толық жоспарлап отырмыз. + Және біздің есебіміз бойынша осы жобаларды іске асырғаннан кейін 2–3 есе транзиттік көлем өседі деп күтіп отырмыз.
Сексеуіл мен Бейнеу автожолы халықаралық транзиттік әлеуетті арттырып қана қоймай, Арал ауданындағы бірқатар шалғай ауылға жол ашады. Жоба жүзеге асса, құрғаған теңіздің орнында қалған елді мекен тұрғындары жол азабынан құтылатын болады.
Бақтияр Ізбасаров, Сексеуіл кентінің тұрғыны:
Құланды, Ақеспе, Ақбасты, Қосаман, Бердікөл елді мекендеріне қан жүгіріп, бұл жол халықтың тұрмыс-тіршілігіне оң әсерін тигізеді деп сенім білдіреміз.
Жалпы Президент пәрменімен бір мезетте Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда үш өңірде жаңа жолдың құрылысы бастау алды. Ауқымды жоба халықаралық қаржы ұйымдарының есебінен жүзеге асып жатыр. Сондықтан күрежол межелі мерзімде ел игілігіне берілмек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы