Басты Жаңалықтар Жасанды интеллект бойынша жас зияткерлер жарысы

Жасанды интеллект бойынша жас зияткерлер жарысы

Астанаға әлемнің ең дарынды оқушылары жиналды. Елордада жасанды интеллект бойынша III халықаралық олимпиада басталды. Ауқымды шараға саланың жетекші сарапшылары мен әлемдік технология индустриясының өкілдері де келген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім бәйгесінің ашылу салтанатына қатысып, цифрлық даму Қазақстанның стратегиялық таңдауы екенін атап өтті. Сонымен қатар, жасанды интеллект мемлекетті, экономиканы, бизнесті басқарудың маңызды тетігі ретінде қоғам өмірінің барлық саласына енетінін айтты. Толығырақ тілші материалында.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Әлемнің келешек көшбасшылары Астанада. Болашақ бағдарын айқындайтын жасанды интеллект технологиясы бойынша қазір жер жүзінде жарыс күшейді. Сондықтан бұл жолғы оқушылар олимпиадасы бұрынғыдан өзгерек. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген жас дарындар күрделі тапсырмаларды орындап, ақылды зерденің негізінде алгоритмдер жасап, сынға түспек.

106 мемлекет. 500-ге жуық оқушы. Білім бәйгесінің бәсі жоғары. Әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан ғылыми олимпиадалардың бірі. Әр ел додаға бір команда ғана ұсына алады.

Нильсон Лид, жарысқа қатысушы:

Біз бұл жарысқа бір ай бойы тоқтаусыз дайындалдық. Мен жасанды интеллектінің көмегімен қоршаған ортаны қорғағым келеді. Ақылды жүйелер ауа мен судың ластануын ерте анықтай алады. Олар орман өрттері мен табиғи апаттарды алдын ала болжауға көмектесер еді. Адамдар табиғатқа зиян келтірмей, жаңа технологияларды дұрыс қолдануды үйренуі керек.

Қазақстан оқушыларының жасанды интеллект жарысындағы жетістіктері жоғары. Былтыр Бейжіңде өткен бәсекеде жалпы командалық есепте 4-орынға ие болған. Биыл арнайы іріктеу өтіп, еліміздің әр өңірінен ең мықты деген оқушылар командаға ілікті.

Айбек Бекбаев, команда бапкері:

Бұл олимпиада шын ғылымға жақын деп ойлаймын. Бұл жақта бәрін қысқа уақытта жасау керек. Ешнәрсе белгісіз. Уақыт аз-ақ. Сол уақытында көп нәрсені істеп үлгеру керек. Балаларды соған дайындайды. Бұл өмірде және салада өте керек нәрсе деп ойлаймын.
  • Президент: Қазақстан Орталық Азияда цифрлық даму бойынша көш бастап тұр

Ашылу салтанатында Мемлекет басшысы еліміз сапалы білімге, дарынды балаларды жан-жақты қолдауға баса назар аударатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Білім қай заманда да халықты біріктіріп, адамзатты өркениеттің шыңына жетеледі. Сіздердің қарым-қабілеттеріңіз медицина, білім, экология және басқа да өте маңызды салалардағы тың шешімдерге негіз бола алады. Дәл осы олимпиадада әлемді өзгертетін жаңа идеялар мен жобалар дүниеге келуі мүмкін.

Иә, осындай сайысқа қатысушы жас өрендердің ғылыми жаңалық ашу мүмкіндігі 4 мың есе жоғары екен. Ал миллиардер болу мүмкіндігі 1,5 мың есе жоғары, дейді ұйымдастырушылар. Себебі күрделі есептерді шешуге бала кезден жады әбден жаттығады.

Бағдат Мусин, Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының басшысы:

Индивидуалды жағынан 6 сағат ішінде жасанды интеллект модельдерін жасап, түрлі-түрлі кейстерді шешуге тура келеді. Екіншісі – топтық жарыста олар роботтарды бағдарламалаумен айналысады. Біз осы олимпиадаға арнайы Қытайдан 10 робот алып келдік.

Иә, қазір Қазақстанда бірыңғай инновациялық экожүйе қалыптасып келеді. Еліміз БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту индексінде 193 мемлекеттің арасында 24-орында тұр. Президенттің айтуынша, жаңа технологияларды енгізуге әзірлік деңгейі бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Былтырғы Жолдауымда алдағы үш жыл ішінде Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыру бойынша нақты міндет жүктедім. 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау да – осы стратегиялық бағдарды жүзеге асыруға бағытталған қадам. Бұдан бөлек, инновацияға иек артатын ел дамуының негізгі бағыттары 1 шілдеде күшіне енген Қазақстанның жаңа Конституциясында анық көрсетілген. Бұл – барлық үдерістің басы ғана.

Іс-шара барысында Мемлекет басшысы олимпиаданың құрылымымен, жарыс тапсырмаларымен және автономды роботтың мүмкіндіктерімен танысты. Халықаралық дода 8 тамызға дейін жалғасады. Бағдарлама аясында ЮНЕСКО өкілдерінің қатысуымен жасанды интеллект этикасына арналған таныстырылымдар өтеді. Қатысушылар Қазақстанның ұлттық жасанды интеллект экожүйесімен танысып, мәдени іс-шараларға да қатысады.


Бөлісу