Басты Жаңалықтар Ел жаңалықтарына шолу

Ел жаңалықтарына шолу

Араға 70 жыл салып, қазақ топырағына Амур жолбарысы жіберілді. Ал Жәнібек Әлімханұлы жұдырықтаспай-ақ жаңа салмақта рейтинг бойынша Канеломен теңесті. Осы және өзге де ел жаңалықтарын тілшіміз сабақтайды.

 Қазақ даласына Амур жолбарысы жіберілді

«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында тарихи оқиға болды. Үміт атты Амур жолбарысының аналығы өзінің тарихи мекендеу ареалына қайта жіберілді. Еске саламыз, Қазақстан аумағында жолбарыс жойылып кеткеніне 70 жылдан асты. Жолбарысты тарихи мекендеу ареалына қайтару жұмыстарының алдында Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және халықаралық серіктестер бірнеше жыл бойы бірлесіп ауқымды жұмыс жүргізді.

Ара шаруашылығы цифрландырылды

Ғалымдар ара шаруашылығын цифрландыруға арналған платформаны іске қосты. «ApisLab» деп аталатын цифрлық платформа араларды селекциялауға және омарталарды басқаруға көмектеседі. Платформаның басты ерекшелігі – әрбір ара ұясына бірегей сәйкестендіру нөмірі мен QR-кодтың берілуі.

Ж. Әлімханұлы тағы да көш басында

Жәнібек Әлімханұлы жұдырықтаспай-ақ рейтингте жоғары орынға ие болды. WBO әрбір салмақ дәрежесі бойынша рейтингті жаңартты. Чемпиондық белбеуінен бас тартып, супер орта салмаққа ауысқан Жәнібек Әлімханұлы бірден екінші орынға жайғасты. Енді отандасымыз супер орта салмақта бағын сынап көрмек. Бұл дивизионда чемпиондық титул Хамза Ширазға тиесілі болса, рейтингтің бірінші сатысында әйгілі Сауль «Канело» Альварес тұр.

Қазақстандық палуандар 8 медаль жеңді

18 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен күрес түрлерінен әлем чемпионатында қазақстандық палуандар 8 медаль жеңіп алды. Бакуде ұйымдастырылған жарыста отандастарымыз ел қоржынына еркін, грек-рим және әйелдер күресінен 2 алтын, 2 күміс және 4 қола салды.


Бөлісу