Басты Жаңалықтар Қайтыс болған адамның несиесі кімге жүктеледі?

Қайтыс болған адамның несиесі кімге жүктеледі?

Адам қайтыс болғаннан кейін оның несиесін туыстары өтеуге міндетті ме? Бұл сұрақ көпшілікті алаңдатады. Заң бойынша мәселе қалай реттеледі?

Айнұр Маратқызы, тілші:

Адам қайтыс болғаннан кейін оның жеке мүлкі, яғни пәтері, автокөлігі немесе басқа да активтерімен бірге қарыздары да мұрагеріне өтеді. Несиені өтеу міндеті де сол мұраны қабылдаған адамға жүктеледі. Яғни, мұрагер марқұмның мүлкін қабылдаса, оған қатысты міндеттемелерді де қабылдауы шарт. Бірақ ол қарызды тек мұраға алған мүліктің құны шегінде ғана өтейді. Мәселен, мұра құны 10 млн теңге болса, банк одан артық соманы талап ете алмайды. Ал егер адам мұрадан бас тартса немесе марқұмның артында ешқандай мұра қалмаса, онда туыстары несиені төлеуге міндетті емес. Мұндай жағдайда банк талап қоя алмайды. Егер несие рәсімдеу кезінде қарыз алушының өмірі сақтандырылған болса, онда оның қайтыс болуы сақтандыру жағдайы деп танылған кезде несиені сақтандыру компаниясы толық немесе ішінара өтейді. Сондықтан мамандар мұраны қабылдамас бұрын марқұмның мүлкімен қатар, барлық қарызын да анықтап алуға кеңес береді. Ал банк талап қойған жағдайда асығыс шешім қабылдамай, берешектің толық есебін сұратып, содан кейін ғана әрекет еткен дұрыс. Қаржылық нарықты реттеу және дамыту агенттігі заңнамада қандай да бір мерзім өткеннен кейін берешектің автоматты түрде жойылуы қарастырылмағанын хабарлайды. Заңда қарастырылған қарызды толық жоюдың жалғыз жолы - банкроттық рәсімі. Ол үшін мұрагердің және қайтыс болған адамның қарызын қоса есептегенде жалпы сомма 5,9 млн теңгеден асып кетсе әрі кірісіңіз болмаса, басыңызда баспана болмаса, банкроттыққа беру арқылы мәселені шеше аласыз. Ал мүлдем жақын-жуығы жоқ адамның қарызы жергілікті әкімдік арқылы шешіледі.
Бөлісу