Жастардың жұмыссыздық деңгейі жыл сайын төмендеп келеді
Қостанай облысында жастардың жұмыссыздық деңгейі төмендеп келеді. Соңғы бес жылда көрсеткіш 3%-дан 2,1%-ға дейін азайған. Бұл - тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі. Мансап орталықтары жыл сайын жеті мыңнан аса жасқа жұмыс табуға көмектессе, олардың 80%-ы тұрақты қызметке орналасады. Көбіне жастар қандай мамандықты игергілері келеді? Мәдина Нағашыбай тарқатады.
Согдиана Изабекова педагогикалық колледжді тәмамдап, кейін жоғары оқу орнында тарих пәнінің мұғалімі мамандығын меңгерген. Алайда еңбек өтілінің жоқтығынан бірден тұрақты жұмыс табу оңай болмапты. Сондықтан мансап орталығына жүгініп, «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы осы білім беру орталығына жұмысқа орналасқан.
Согдиана Изабекова, оқытушы:
Балалар мектептен кейін келеді, олармен бірге сабақ орындаймыз немесе кейбір балаларды 1-сыныпқа даярлаймыз. Жұмыс қиын емес. Ең бірінші плюс – графикті қоя аламын. Олар дайын бағдарламамен келеді. Керек жерде баланың деңгейін көтеру керек болса, сол жерде оқу деңгейін көтереміз.
Бұл бағдарлама еңбек жолын енді бастаған түлектерге арналған тиімді мемлекеттік қолдау тетіктерінің бірі. Өз мамандығы бойынша алдымен тәжірибе жинап, кейін тұрақты жұмыс табуға жол ашады. Бағдарламаға жыл сайын өңірде шамамен 600 адам қатысса, кейін олардың 90%-дан астамы тұрақты қызметке орналасады.
Диана Аюпова, жұмыс беруші:
Қазіргі таңда «Жастар практикасы» бағдарламасы жұмыс берушілер үшін нағыз қолайлы мемлекеттік қолдау. Жұмысшылардың жалақысы толықтай субсидияланған. Бұл бір жылға бюджетті жоспарлау.
Ал мамандыққа сұраныс болмаса немесе кәсіби білігі жетпесе, мансап орталықтары қысқа мерзімді оқу курстарына жолдама береді. Бұл жастардың еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа кәсіпті меңгеруіне мүмкіндік береді.
Меңсұлу Ерболанова, облыстық Еңбек мобильдігі орталығы директорының м.а.:
Бұл бағдарлама жастардың алғашқы еңбек тәжірибесін алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бізде өз мамандығы жоқ жастарға қысқа курстар беріледі. Наубайханашы, тракторшы, бухгалтер, аспаз сынды курстарды өтеді. Курс біткен соң олар тұрақты жұмыс орындарына орналасады.
Өз ісін бастаймын деуші жастарға да мемлекет қолдау білдіреді. Қайтарымсыз грантқа ие болу мүмкіндігі бар. Өңірдегі кәсіптік білім ошақтары да өндіріс орындарымен байланыс орнатқан. Соның арқасында түлектер оқуын тәмамдай салысымен бірден жұмысқа қабылданады. Қазір еңбек нарығында жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары. Ал жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асса, өңірде тағы 3,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы