Басты Жаңалықтар «Болашақ ойындары – 2026»: Халықаралық командалар Астанаға жинала бастады

«Болашақ ойындары – 2026»: Халықаралық командалар Астанаға жинала бастады

Санаулы күннен соң елордада «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі басталады. Бүгін Dota 2, Батл рояль жарысына қатысатын бірнеше елдің командалары Астанаға табан тіреді. Қатысушыларды әуежайда ұйымдастырушылар мен еріктілер тобы қарсы алды.

Dota 2 бойынша жарыстар халықаралық турнир аясында тамыздың 2-5-і аралығында өтеді. Бұл бағыттағы бәсекелер фиджитал форматында ұйымдастырылып, цифрлық технологиялар мен дәстүрлі спорт элементтерін ұштастырады. Бүгін Қытай, Сербия және Ресейдің үздіктері Астанаға келді. Командалар енді жаттығу өткізіп, турнирге дайындықты бастайды.

Руида Джанг, Vici Gaming командасының ойыншысы:

Dota 2 ойынын ойнап жүргеніме он жылға жуық уақыт болды. Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмын. Бұл өте ауқымды турнир болады деп ойлаймын. Әрбір халықаралық жарыс біз үшін тәжірибе жинап, шеберлігімізді көрсетуге берілетін үлкен мүмкіндік.

Михайло Йованович, Zero Tenacity командасының ойыншысы:

Алдын ала ешқандай болжам жасағым келмейді. Басты мақсатым – бар күшімді салып, өз деңгейімдегі ең үздік ойынды көрсету. Ал нәтижесін турнирдің өзі көрсетеді. Киберспортқа дейін 15 жыл футболмен айналыстым. Сондықтан дәстүрлі спорт пен киберспортты біріктіретін бұл турнир мен үшін ерекше қызықты.

Бүгін Астанаға 100-ден астам қатысушы келді. Ертең олардың қатары тағы 300-ден асады. 

Жәния Қанат, ұйымдастырушы:

Испания, Қытай, Малайзия, Вьетнам, Бразилия және Кореядан келетін қонақтар көп. Бүгін төрт дисциплина бойынша командалар келіп жатыр. Олар – Dota 2, фиджитал баскетбол, фиджитал футбол және Battle Royale. Командалардың саны 23 болады.

Турнир Қазақстандағы биылғы жаздың ең ірі халықаралық киберспорттық оқиғаларының бірі болмақ. Әлемнің 35 елінен жиналған ең мықты командалар жүлде үшін бақ сынаса, жанкүйерлер әлемдік деңгейдегі ойыншылардың шеберлігін  тамашалай алады.

Дәл осы жарыста ел намысын 11 команда қорғайды. Айта кетейік, жүлде қоры 4 млн доллардан асады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыс тек киберспортты дамытуға ғана емес, Қазақстанның халықаралық спорттық және туристік әлеуетін танытуға да ықпал етеді.


Бөлісу