Франция мен Испанияда 330 мыңнан астам адам эвакуацияланды
Алапат орман өрті Бордоға жақындап қалды. Арада небәрі 15 шақырым. Қаланы лапылдаған жалынның шарпуына жол бермеу мәселесін талқылау үшін бүгін Франция президенті Эммануэль Макрон министрлер кабинетінде төтенше жиын өткізеді. Дегенмен Бордоның 850 мың тұрғынын эвакуациялау әзірге жоспарланып отырған жоқ.
Айта кетсек, қазір бұл мемлекет Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең үлкен орман өртімен күрес жүргізіп жатыр. Соңғы мәліметке қарағанда, биыл 98 мың гектар жасыл желек күлген айналған. Әсіресе елдің оңтүстік-батысындағы жағдай қиын. Бұл өңірде 220 мың адам көшірілген. Оларға қазір еріктілер қолдау көрсетіп жатыр.
Лоранс Кланет, эвакуациялық орталық волонтері:
Кеше қайғыға батқан талай адамды көрдім. Олардың көбі мазасы қашып, алаңдап, күйзелісте жүрді. Біздің ерікті ретіндегі рөліміз – осындай жандарды қуанышпен қарсы алып, жұбату. Сонда ғана олар мынадай қорқыныштылау көрінуі мүмкін залдағы тіршілікке тез бой үйретуі мүмкін.
Ал синоптиктер ертең Францияда ауаның температурасы тағы да 40 градусқа дейін көтеріліп, қауіптің тіпті күшейетінін ескертіп отыр.
Испанияда да осыған ұқсас ахуал. Мұнда 77 мың гектар орман жанып кеткен. Тілсіз жау корольдік астанасы Мадридке де жақындап қалды. Сонымен қатар Авила аймағы мен Валенсия қаласы маңында да лапылдаған жалын өрт сөндірушілерге дес бермей жатыр. Жалпы алғанда, соңғы күндері Испанияда 100 мыңнан астам тұрғын үйлерін тастап кеткен.
Мариви, жергілікті тұрғын:
Біздің ауылды өрт түгелдей қоршап алды. Үш провинцияны шарпыған от қазір үйлерге жақындап барады. Бәрін көрдік. Айнала жанып жатыр. Өте қорқынышты, жанымызға батып жатыр. Бұл сұмдықты сөзбен жеткізу қиын екен.
Дэвид, жергілікті тұрғын:
Күректермен, кетпендермен және басқа да құралдармен өрттің жолын бөгеп жатырмыз. Кәсіби мамандардың, өрт сөндірушілер мен орман шаруашылығы қызметкерлерінің, жалпы нағыз мамандар мен достарымыздың нұсқауларын орындаймыз. Біз олардың айтқанын, үйреткенін істейміз және қолымыздан келгенше бұл күреске бар үлесімізді қосқымыз келеді.
Жалпы
алғанда, орман өрті шілде айында Еуропаның бірнеше елін шарпыды. Ай басынан
бері Италияда, Грекияда, Түркияда, Хорватияда, Португалияда, Германияда,
Новегияда, Ұлыбританияда мыңдаған гектар орман алқабы жойылып, талай адам
жараланды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы