Басты Жаңалықтар «Болашақ ойындары-2026»: Қатысушылардың алды Елордаға келді

«Болашақ ойындары-2026»: Қатысушылардың алды Елордаға келді

Астанаға «Болашақ ойндары» бәйгесінің алғашқы қатысушылары келді. Беларусь, Аргентина, Қытай және Ресейден келген спортшыларды әуежайдан сайыс ұйымдастырушылары күтіп алды. Енді олар алдағы бірнеше күнде дайындығын пысықтап, халықаралық турнирде Phygital баскетбол бағыты бойынша өзара мықтыны анықтайды.
Елордадағы жарысқа алғашқы болып жеткен командалар саны –жетеу. Олардың арасында Латын Америкасындағы ең танымал спорт клубтарының бірі Boca Juniors бар. Құраманың баскетбол командасы Аргентинаның екі дүркін чемпионы және Basketball Champions League Americas турнирінің жеңімпазы.
Николас Креспо, Аргентинадағы Phygital қозғалысының өкілі:
«Болашақ ойындарына» үшінші рет қатысып отырмыз. Бұл жолғы турнир де өз тарихындағы ең үздік дода болатын секілді. Жарыстан күтер үмітіміз зор. Біз екі баскетбол командасын, бір футбол ұжымын және би дисциплинасы бойынша бір спортшыны алып келдік. Құрамамыз мықты. Чемпиондық атақтарды жеңіп алуды мақсат етіп отырмыз.
Алдағы күндері Астана жалпы саны 35 елден 800-ден аса қатысушыны қабылдайды. Әлемдік Phygital спорттың басты алаңдарының біріне айналады. Сайыс бағдарламасы сегіз дисциплинадан тұрады. Спортшылар алдымен виртуалды кеңістікте жарысып, кейін нақты спорт алаңында өзара мықтыны анықтайды.
Тимофей Поролев, Minsk құрамасының ойыншысы:
Іріктеу турнирі Минск қаласында өтті. 8 команданың арасынан іріктеліп келдік. Астана жылы қарсы алды. Бізде Phygital баскетбол енді-енді дамып келе жатыр. Алдағы уақытта жақсы нәтижелер болатынына сенім мол. Себебі мұндай спорттың әлеуеті жылдан жылға артып келеді.
Ғалым Балқанаев, «Болашақ ойындары – 2026» ұйымдастыру дирекциясы бөлімінің бас маманы:
Киберспорт бұл 2018 жылдан бастап қолға алынып, федерация құрылып, дайындалып жатыр. Ол жағынан да біздің жетістіктеріміз жеткілікті. Әсіресе шутер жағынан. Контерстрайк және басқа да спорт түрлерінен біздің спортшыларымыз жақсы көрсетіп жатыр.
Турнир 29 шілдеде басталып, тамыздың 9-на дейін жалғасады. Көрермендер ашылу салтанатын «Qazaqstan», «Qazsport» арнасынан тамашалай алады.

Бөлісу