Ел жаңалықтарына шолу
Ертең Астанада алғаш рет аэротакси сынақтан өтеді. Электрлі әуе көлігінің мүмкіндіктері қандай? Павлодар облысында ауылдық жерлердегі жаттықтырушылар тапшылығын шешу үшін пилоттық жоба іске қосылды. Бағдарлама кімдерге арналған? Толығырақ – топтамада.
Қазақстан инвестициялық қауіпсіздік рейтингінде 53-орынға көтерілді
Қазақстан инвестициялық тұрақтылық бойынша өңірдегі көшбасшы мәртебесін нығайтты. Safest Countries for Investors 2026 рейтингінде еліміз 150 елдің арасында Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткішке ие болды. Былтыр 70-сатыда тұрған еді. Биыл 53-орында. Бұл халықаралық инвесторлардың ел экономикасының тұрақтылығына деген сенімінің артқанын көрсетеді. Оң нәтижеге мемлекеттік реформалар мен бизнеске қолайлы жағдай жасау ықпал еткен.
Қазақстандықтар этносаралық ахуалды оң бағалайды
Қазақстандықтардың 93,2 пайызы елдегі этносаралық ахуалды тұрақты әрі оң бағалайды. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижесі осыны көрсетті. Азаматтардың 72,5 пайызы этникалық тегіне байланысты құқықтарының бұзылмағанын айтқан. Айта кетейік, Қазақстанда 100-ден аса ұлт өкілі тұрады. Бірлікті нығайту үшін елде этномәдени бірлестіктер, Достық үйлері және қоғамдық ұйымдар белсенді жұмыс істеп келеді.
Астанада алғаш рет аэротакси сынақтан өтеді
Ертең Астанада алғаш рет аэротакси сынақ ретінде ұшырылып, көпшілікке таныстырылады. Демонстрациялық ұшу «Қазанат» ипподромында өтеді. Сынақта бір ұшқыш пен бес жолаушыға арналған AutoFlight Prosperity моделі көрсетіледі. Аэротакси сағатына 200 шақырым жылдамдықпен самғап, 200 шақырымға дейінгі қашықтықты еңсере алады.
Ауыл тұрғындары жаттықтырушы мамандығын тегін меңгере алады
Павлодар облысында ауылдық жерлердегі жаттықтырушылар тапшылығын шешу үшін пилоттық жоба іске қосылды. Жоба аясында спортқа қызығатын ауыл тұрғындары жаттықтырушы-оқытушы мамандығын тегін меңгереді. Оқыту жұмыс орнын сақтай отырып, дуальды форматта жүргізіледі. Кәсіби даярлықтан өткеннен кейін азаматтар спорт секцияларын басқара алады. Биыл бағдарламаға 62 ауыл тұрғынын қатыстыру жоспарланған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы