Басты Жаңалықтар Мұғалімдерге мемлекет тарапынан қолдау артып келеді

Мұғалімдерге мемлекет тарапынан қолдау артып келеді

Елімізде педагог мәртебесін арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бүгінде ұстаздардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктерін күшейту, еңбекақысын арттыру және кәсіби дамуына жағдай жасау – білім саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл бастамалар мұғалім мамандығының беделін көтеріп, сапалы білім беруге қолайлы орта қалыптастыруды көздейді.

Бүгінде елімізде 104 мың педагог мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, 43 мыңға жуығы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде, ал 420 мыңнан астамы мектепте еңбек етеді. «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында мұғалімдердің кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға шектеу қойылып, құқықтық және әлеуметтік қорғалуы күшейтілді.

Мәселен, қазір 500 мыңнан астам педагог біліктілік санаты, еңбек өтілі, академиялық дәрежесі және өзге де көрсеткіштері үшін тұрақты үстемеақы алады. 2023 жылдан бастап мектепке дейінгі ұйымдар тәрбиешілерінің жалақысы 30%-ға ұлғайды. Сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына өндірістен тартылған мамандарға 30-35% мөлшерінде қосымша үстемеақы белгіленді. Ауылдық жерлердегі педагогтердің жалақысы қалалық әріптестеріне қарағанда кемінде 25%-ға жоғары. Сонымен қатар біліктілік санатына байланысты үстемеақы төленеді.

Педагогтерді қолдау тек әлеуметтік кепілдіктермен ғана шектелмейді. Мемлекет кәсіби жетістіктерге де ерекше мән береді.

Набира Марбанова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі департаментінің бас сарапшысы:

Қазақстан – олимпиада жеңімпаздарын дайындаған және мемлекеттік марапаттар ие болған педагогтерді ынталандыратын мемлекеттердің бірі.Олимпиада жеңімпаздарын дайындаған педагогтерге үкімет белгіленген мөлшерде сыйақы беріледі. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан ынталандыру мақсатында оларға мемлекеттік наградалар, атақтар беріледі. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» және білім беру саласындағы ең үлкен награда «Еңбек ері» беріледі.

Ұстаздардың айтуынша, заң қабылданғалы педагогтердің әлеуметтік жағдайы жақсарып қана қоймай, кәсіби жауапкершілігі мен қоғамдағы беделі де артқан.

Жаңыл Сүлейменова, Астана қаласы №5 гимназиясының мұғалімі:

Заң қабылданғаны бізге үлкен мүмкіндік беріп тұр. Бұл әрине, жауапкершілікпен қарауға, білім саласын арттыруға педагогтың ынтасын арттырады. Жалақымыздың өскені де жігерлендіреді. Соңғы бес жылда 40 пайызға көбейді. Жұмысымызға жауапкершілікпен қарап, ата-аналардың құрметіне бөленіп келеміз.

Жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесі халықаралық деңгейде де оң бағасын алды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы жариялаған TALIS–2024 халықаралық зерттеуінің қорытындысы бойынша Қазақстан педагог еңбегі жоғары бағаланатын елдер арасында екінші орынға, ал мұғалімдердің жалақысына қанағаттану деңгейі бойынша үздік бес елдің қатарына енген. Педагог мәртебесін көтеру – тек мұғалімнің әлеуметтік жағдайын жақсарту ғана емес, елдің білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғаса береді.


Бөлісу