Ақмола облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі 27 пайызға төмендеді
Биыл Ақмола облысы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері 27 пайызға төмендеген. Жыл басынан бері сотпен орнатылған шектеуді бұзған 900 адам жауапкершілікке тартылды. Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көрсетілетін әлеуметтік көмек қылмыстық істің қозғалмағанына қарамастан ұсынылады.
Отбасылық жанжалдан кейін екі баласымен далада қалған Карина амалсыз Көкшетаудағы «Шанс» әлеуметтік-психологиялық, құқықтық қолдау орталығына барған. Мұнда қазір 6 ана мен 18 бала тұрады. Төрт, тіпті жеті баламен отбасынан кетуге мәжбүр болған әйелдерге бұл жерде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Себебі, лицензия алған дағдарыс орталықтары жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне көшкен.
Әсел Самратова, «Шанс» әлеуметтік-психологиялық, құқықтық қолдау орталығының әлеуметтік қызметкері:
Бізде әлеуметтік, психологиялық, құқықтық көмек көрсетіледі және қажет болса, медициналық көмек көрсетіледі. Әр ана мен бала осында 6 ай бойы тегін тұра алады. Және әр қызмет бізде тегін беріледі.
Ел бойынша соңғы үш жылда отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 13 мыңнан астам адам арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылды. Тек жыл басынан 1877 адамға көмек көрсетілген, оның 1300-і жас бала. Елде осындай 29 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Отбасында ұрып-соғу және жеңіл жарақат келтіру дерегі әкімшілік құқықбұзушылық санатынан толығымен қылмыстық жауапкершілікке көшірілген. Полиция заңнаманы қатаңдату - ауыр қылмыстың азаюына ықпал етіп отыр дейді.
Ербол Хұсайынов, облыстық Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы:
Отбасылық-тұрмыстық саласында жасалған кісі өлтірушілік фактілері 67 пайызға төмендеп отыр. Мысалы, 2023 жылы 12 факті, 24 жылы 8 факті, 25 жылы 4 факт тіркелген. Денсаулыққа ауыр жарақаттарын келтіру фактілері 29 пайызға төмендеп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы