Көпбейінді облыстық балалар ауруханасында 22 дәрігердің орны бос тұр
Ақмола облыстық көпбейінді балалар ауруханасында қазір 22 дәрігердің орны бос тұр. Мамандардың айтуынша, қаржының кеш бөлінуі мекеменің жұмысына әсер етіп, кадр тапшылығы туындаған. Сонымен бірге жас мамандар көтерме ақыны уақытылы төлеуді сұрайды. Тілшіміз Бибінұр Әмірханқызы мәселенің мән-жайын зерделеп қайтты.
Ауруханада травматолог жоқтың қасы. Мұнда 4-5 дәрігердің жүктемесін екі дәрігер алып жүр. Күнара келетін тәуліктік кезекшілік тағы бар.
Марат Сәтиев, травматолог дәрігер:
Проблема қазір кадрлар жетпей жатыр. Врачтар, жас дәрігерлер көбі жұмыстан шығып кетті. Осы екі айдың ішінде 3 дәрігер шығып кетті. Екі дәрігер істеп жатырмыз. Бірақ тағы екі дәрігерлер келді. Осы аптадан бастап жұмыс істеуде. Кішкене көмек болды.
Бүгінде балалар ауруханасына анестезиолог-реаниматолог, педиатр, неанатолог, травматолог сияқты барлығы 6 бағытта 22 дәрігер қажет. Былтыр шақырылған 9 жас маманның үшеуі көтермеақыны уақытылы алмағандықтан, өзге өңірлерге кеткен.
Жанар Әубәкірова, көпбейінді облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
3 дәрігеріміз ақшаны ала алмай, жұмыстан шығуына тура келді. Қазірде олар басқа облыста, басқа райондарда жұмыс жасап жатыр. Ал қалған 6 дәрігеріміз күтуде. Енді осы жылдың аяғына дейін подъемныйдың бәрі беріледі деп айтып жатыр.
Көтермеақыны күтіп жүрген жас мамандардың бірі анестезиолог-реаниматолог дәрігер Жансая Соорукова. Әзірге пәтер жалдап отырған ол көтермеақы түссе баспана алудан үмітті. Әзірге аптасына 3 мәрте келетін тәуліктік кезекшілігін жас маман үлкен жауапкершілікпен атқарып жүр.
Жансая Соорукова, анестезиолог-реаниматолог:
Айына 300-350 сағаттай шығады жұмысымыз. Жұмысымыз қиын болғанмен, бұл жерде жұмыс істеу маған ұнайды.Бізге жас дәрігер ретінде бізге көмек береді. Квартирный төленеді және подъемный обещают сентябрьде. Күтіп жатырмыз.
Кадр тапшылығына қоса, аурухана қаржылық қиындықтарға тап болды. Мәселен, биыл ауруханаға әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 3 млрд-тан астам қаржы бөлінген. Алайда, мамырдың төлемі әлі де жабылмаған.
Шанхи Голубева, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ облыстық филиалының бөлім жетекшісі:
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіндегі техникалық ақауларға байланысты биыл қаржыландыру кешктіріліп жатыр. Мамыр айының қаржысын осы аптада аударамыз. Бұл тек бір мекемеге қатысты туындап отырған мәселе емес, осындай жағдай еліміздегі барлық медициналық мекемелерде орын алып отыр.
Қаржыландыруды кешіктіру аурухананы кредиторлық берешекке батырды. Салдарынан қажет дәрі-дәрмекті алу, науқастарды тамақтандыру бойынша қарыз жиналып, басқа да шаруашылық мәселелер ақсай бастады. Бұған дейін аударылған 750 млн теңге мамандардың жалақысына жұмсалған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы