Баянауылда заманауи «Сарыарқа сыры» визит-орталығы ашылды
Павлодар облысының Баянауыл ауданында «Сарыарқа сыры» заманауи визит-орталығы пайдалануға берілді. Ашылу рәсіміне облыс әкімі Асайын Байханов қатысты.
Өңір басшысы жаңа орталықтың Баянауылдың туристік әлеуетін арттырудағы маңызды қадам екенін атап өтті. 740 шаршы метр аумақты алып жатқан орталықта интерактивті туристік карта, музей кеңістігі, конференц-зал, коворкинг, трансформер-кітапхана, кофехана және демалыс аймақтары орналасқан. Мұнда жасанды интеллект технологиялары қолданылып, келушілер өңірдің табиғаты, тарихы мен мәдени мұрасымен мультимедиялық форматта таныса алады.Биыл жүргізілген инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде Баянауыл курорттық аймағы бір маусымда 300 мыңға дейін туристі қабылдай алады.

Орталықтың ашылуы аясында Баянауылдың тарихи-мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған бірқатар шара өтті. Соның ішінде өлкетанушы Алтынбек Құрмановтың өңір тарихы мен тұлғаларына арналған «Көне Көктау оттары» кітабы таныстырылды. Сонымен қатар ауданның кіреберісіне биіктігі 30 метрлік жаңа стела орнатылып, оның айналасы толық абаттандырылды. Сонымен қатар өңірдің туризмін дамытуға үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталды.
Соңғы жылдары Баянауылда туристік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Сабындыкөл мен Жасыбай көлдерінің жағалауы абаттандырылып, заманауи жағажайлар, қоғамдық кеңістіктер, спорт және балалар алаңдары, демалыс орындары мен қызмет көрсету нысандары салынды. Сабындыкөл жағасында ұзындығы бір шақырымдық серуендеу аймағы бой көтерді.


Жүргізілген жұмыстар туристер санының өсуіне ықпал етті. 2025 жылы Баянауыл курорттық аймағына 270 мың адам келсе, биыл бұл көрсеткіш 300 мыңға жетеді деп күтілуде. Жұмыс күні Сабындыкөл жағасында өткен Bayanaul FEST фестивалімен қорытындыланып, көпшілікке спорттық жарыстар, отбасылық байқаулар мен концерттік бағдарлама ұсынылды.


Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы