Басты Жаңалықтар Көкшетауда мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада өтуде

Көкшетауда мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада өтуде

Көкшетауда мемлекеттік қызметшілер арасында республикалық спартакиада өтіп жатыр. Жарыстың ресми ашылуына облыс әкімі Марат Ахметжанов пен туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев қатысты.

Биылғы спартакиадаға 17 облыс пен екі қаладан бір жарым мыңнан астам қатысушы келді. Жарыс спорттың 10 түрінен өтіп жатыр. Ал үлкен теннис пен киберспорт спартакиаданың бағдарламасына ресми түрде тұңғыш рет енгізілді. Ақмола облысы командасының құрамында өңір басшысы да бар. Ол үлкен теннистен бәсекеге қатысып, бақ сынады.

Гүлжанар Мұратхан, спартакиадаға қатысушы /Ақмола облысы/:
Спартакиада өте тартысты өтуде. Мемлекеттік қызметшілер көбінесе кеңседе отыратындықтан мұндай жарыстар мемлекеттік қызметшілердің спортқа деген құлшынысын арттырады. Бұл өте қуантарлық жағдай. Барлық команда ойыншыларына сәттілік тілейміз. Ақмола облысы жақсы жетістіктер көрсетуде. Жақсы нәтиже күтеміз.

Тоқтар Бердібай, спартакиадаға қатысушы /Ақтөбе облысы/:

Мемлекеттік қызметте жұмыс өтілім 11 жылдай болып қалды. Волейбол спортымен, футбол спортымен айналысамын. Биыл жаңа қосылған үлкен тенниске қатысамын. Көкшетауда спорттық ғимарат өте жақсы жабдықталған, заманауи мүмкіндіктері бар. Бізге ұнап жатыр барлық жағынан.

Бүгінде өңірде спорт инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Былтыр 13 спорт кешені салынса, оның екеуі қайтарылған активтер есебінен бой көтерді. Спартакиада өткен жылдың соңында пайдалануға берілген «Kokshe Arena» көпфункционалды спорт кешенінде өтіп жатыр.

Руфат Құттықов, Ақмола облысының прокуроры:

Екі объекті де қысқа мерзімде, тез арада салынды. Біз қаражат бөлінгеннен мерзімін бақылап, сапасын бақылап, қаражатының тиімді жұмсалуын бақылауда ұстап отырдық. Миллиардтан астам қаражат бөлінді.


Бөлісу