Басты Жаңалықтар Құрылтай депутаттығына 546 үміткер ұсынылды

Құрылтай депутаттығына 546 үміткер ұсынылды

Жеті саяси партия Құрылтай депутаттығына 546 кандидат ұсынды. Енді олар 145 депутаттық мандат үшін бақ сынайды. Қазір партиялық тізімдердің заң талаптарына сәйкестігі тексеріліп жатыр. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы үміткерлерді ұсыну қорытындысын жариялады.

Партиялық тізімдерді ұсыну кеше кешкі сағат 18:00-де аяқталды. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, 546 үміткер тіркелді. Ең көп кандидат Әділет партиясынан, 186 кандидат. Ең азы Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан, 33 үміткер.

Шавхат Өтемісов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы:

Бірінші Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі - 63 кандидат, «Ауыл» партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі - 69 кандидат, --- «Байтақ» жасылдар партиясы» қоғамдық бірлестігі - 47 кандидат, «Қазақстан халық партиясы» қоғамдық бірлестігі - 72 кандидат, «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестігі - 76 кандидат.

Ел Үкіметі Құрылтай депутаттарының сайлауын ұйымдастыруға резервтен 34,3 млрд теңге бөліп отыр. Қаражат комиссиялар жұмысын қамтамасыз етуге, бюллетеньдер шығаруға және сайлауды ұйымдастыруға жұмсалады. Мүгедектігі бар азаматтар үшін де толық жағдай жасалып, инватакси қызметі ұйымдастырылады.

Ләззат Сүйіндік, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

Дауыс беруге арналған үй жайларда әртүрлі көрсеткіштер, тірек қозғалыс аппаратты функциялары бұзылған соның ішінде арбаларды пайдаланатын сайлаушылардың  қолжетімділігі ескерілген жасырын дауыс беруге арналған кабина, орын көзделуі қажет. Бұл арнайы бұрышқа құлаққап, қосымша жарықтандыру, Брайль қарпіндегі трафареттер, дауыс беруге арналған парақтың дыбыс нұсқасымен қамтамасыз етілуге тиісті.

Айта кетейік, сайлауды ресми түрде 60 халықаралық байқаушы бақылайды. Олар 3 халықаралық ұйым мен 4 шет мемлекеттен келген. Олардың қатарында ТМД, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, сондай-ақ Мальдив, Палестина, Венесуэла және Венгрия өкілдері бар.

Бөлісу