Басты Жаңалықтар Жаһандық аптап: Қазақстан климаттық өзгеріске дайын ба?

Жаһандық аптап: Қазақстан климаттық өзгеріске дайын ба?

Иә биылғы жаз бұрынғыдан өзгеше. Аптап ыстық астаналықтардың өзін титықтатып жіберді. Климаты қоңыр салқын деп сипатталатын елордада ауа температурасы бірнеше күннен бері 33-36 градусты көрсетті. Ғалымдар мұндай аптап ыстық енді жыл сайын қайталанатынын айтады. Бұл өзгерістерге дайынбыз ба?

Назерке Өтеген, тілші:

Биыл аптап ыстық Африка, Еуропа және Азияда мыңдаған адамның өмірін қиды. Италия, Испания, Францияда жұмыс  уақыты қысқарды. Аптапта әйгілі Эйфель мұнарасының биіктігі өзгеріп, туристік нысан уақытша жабылды. Ал еліміз бойынша Астанада температура жаз басталмай жатып рекорд орнатты. 23 маусым соңғы 85 жылдағы ең ыстық күн ретінде тарихқа енді. Өкініштісі, бұл құбылыс енді маусымдық емес. Ғалымдар мұны алдағы жылдары күшейе түсетін климаттық дағдарыс, дейді.

Жақып Әділжан, «Қазгидромет» РМК климаттық зерттеулер басқармасының жетекші ғылыми қызметкері:

Бұл соңғы онжылдық қарқынды жүруде. Дүниежүзілік метериологиялық ұйымның есептеулері бойынша 2015-2025 жылдар дүниежүзі бойынша қатты көтерілді және Қазақстанға да ол айқын көрсетілді. Шамамен 2,9 градусқа көтерлііп жатыр климаттық нормадан. Қазба байлықтарды жағамыз ғой мұржалардан шығатын, көліктерден шығатын жылулар температура көрсеткішін жоғарылатады.

Ғалымдар температураның күрт көтерілуіне жаһандық жылынумен қатар 140 жылдағы ең қуатты Эль-Ниньо құбылысының басталуы әсер еткенін айтады. Яғни Ты­нық мұхитындағы қысымның әдеттегіден әлдеқайда жоғарылауы күннің ысуына алып келген.

Гүлнар Орақова, әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ кафедрасының аға оқытушысы:

Эль-Ниньо құбылысы. Шамамен көктем айына дейін жалғасуы мүмкін. Соның әсерінен температуралық көрсеткіштер алдыңғы жылдардағы көрсеткіштен асып кетуі мүмкін. Ол өз кезегінде сол аумақтарда өрт қаупін тудырады. Ол атмосфераға көмірқышқыл газының қарқынды түрде түсуіне алып келуі мүмкін.

ДДСҰ өкілдері де аптап ыстықтың денсаулыққа кері әсерін айтып дабыл қағып отыр. Осы орайда БҰҰ сарапшылары аптаппен күресу үшін Қазақстанға бірнеше бағыт ұсынып отыр. Біріншіден, ұлттық стратегия әзірлеп, ауа райы туралы ерте ескерту жүйесін енгізу керек. Екіншіден, халыққа көрсетілетін медициналық қолдауды арттыру маңызды. Қоғамдық орындарды көлеңке және желдету жүйелерімен қамтамасыз етіп, жасыл желекті көбейтіп, салқын аймақтар құру шарт. Ұсыным қатарында аптап кезінде халықты қорғауға арналған арнайы бағдарламаларды енгізуі де бар. Экология және табиғи ресурстар министрлігі өкілдерінің сөзінше климаттың өзгеруіне Ұлттық бейімделу жоспары әзірленіп жатыр. Құжаттар жыл соңына дейін дайын болмақ.

Бөлісу