Қазақстанда Аризона университетімен бірлескен қос диплом бағдарламасының алғашқы түлектері оқуын аяқтады
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Аризона университетінің түлектері қос диплом бағдарламасы бойынша оқуларын тәмамдады. Оларға диплом табыстау рәсіміне ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джули Стаффт, Аризона университетінің президенті Суреш Гаримелла қатысты.
Аризона университеті Қазақстанда алғашқы микрокампусын 2022 жылы Петропавл қаласында ашып, сол жылы қос диплом бағдарламасына алғашқы 43 студент қабылданған болатын. Бүгінде бұл бағдарлама бойынша 368 студент білім алуда.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Аризона университеті арасындағы серіктестік Қазақстандағы жоғары білімді интернационалдандырудың табысты жобаларының біріне айналды. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекші шетелдік жоғары оқу орындарын Қазақстанға тарту және отандық жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі бастамасы аясында жүзеге асырылып келеді.
Қазіргі таңда екі университет бірлесіп 6 қос диплом бағдарламасы мен 12 халықаралық білім беру бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар геномика, агротехнологиялар, су ресурстары және күкіртті полимерлеу бағыттары бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы