Қазақстанда цифрлық активтерді заңдастыру басталады
Қазақстанда цифрлық активтер индустриясын дамытуға бағытталған жаңа кезең басталды. Енді электронды мүлік заңды айналымға еніп, салаға инвестиция тарту күшейеді. Сондай-ақ, Қазақстан өңірдегі криптоорталықтардың біріне айналмақ. Бұл туралы бүгін Ұлттық банкте өткен брифингте айтылды. Толығырақ әріптесім баяндайды.
Мемлекет басшысының Жарлығы негізінде цифрлық активтерді заңдастырудың жаңа тетігі енгізіледі. Қазақстанда бұрын сатып алынған немесе өндірілген цифрлық активтерді ерікті түрде жария етуге мүмкіндік беретін «жасыл дәліз» іске қосылады. Клиенттің жеке шоты бұғатталған жағдайда платформаның жұмысы тоқтамауы үшін жаңа механизм ензіледі. Ол 1 тамызға дейін дайын болмақ. Сонымен қатар, шетелдік инвесторларға цифрлық активтер арқылы Alatau City жобаларына инвестиция салуға жағдай жасалады.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
Бұл бағытты дамыту үшін Үкімет, Ұлттық Банк және «Астана» халықаралық қаржы орталығы бірлесіп жұмыс істемекпіз. Біз біріккен жоспар құрамыз. Жалпы қаржы жүйесіне қатысты ауқымды жоспар бұрыннан болды. Алда оны Жарғы аясында цифрлық қаржы индустриясына тереңдетіп енгізуді жоспарлап отырмыз.
Қазақстан цифрлық активтерді тек сақтап қана қоймай, оларды төлем, инвестиция және қаржы құралы ретінде пайдалануға жағдай жасауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, токенделген бағалы қағаздар арқылы активтерді цифрлық форматқа көшіріп, қауіпсіздік үшін криптооперацияларды бақылау жүйесін енгізуді көздейді.
Ерлан Ашықбеков, ҚР ҰБ Төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаментінің директоры:
Обьектіні бірнеше токендерге бөлу арқылы оны сатылымға шығару. 100 токенге бөліп сатсақ оның әрбір иесі, сатып алушы сол жылжымайтын мүліктің белгілі бір квадрат метріне иелік етуге құқық алады да, табыстан пайда табуға мүмкіндік алады. Бұл жаңа қаржы құралдарын айналымға енгізуге, кішігірім инвесторларды қаржы нарығына тартуға мүмкіндік беретін серпінді жобалар.
Сонымен қатар, 2026–2028 жылдары Қазақстанның лицензияланған платформалары арқылы алынған цифрлық активтер табысына жеке табыс салығы салынбайды. Мамандардың айтуынша, жаңа бастамалар нәтижесінде инвестиция көлемі артып, жаңа қаржы құралдары пайда болады. Бұл Қазақстанның өңірлік криптохаб ретіндегі позициясын нығайтуға ықпал етеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы