Басты Жаңалықтар ӘЧ – 2026: Франция жартылай финалға өтті

ӘЧ – 2026: Франция жартылай финалға өтті

Алғашқы жартылай финалист Бостонда анықталды. Франция мен Марокко құрамалары араға төрт жыл салып, ширек финалда қайта жолықты. Тартысқа толы кездесуде Дидье Дешам шәкірттері қарсыласын 2:0 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды. Толығырақ тілшіміз Айбек Намазбаев баяндайды.

Айбек Намазбаев, тілші:
Марокко алаңға жалғыз шыққанымен, оның артында тұтас бір құрлық тұр. 2022 жылы Марокко Африка тарихында алғаш болып әлем чемпионатының жартылай финалына шыққанда, құрлықтың ондаған елі бір тудың астына бірікті.
Бүгін де жағдай дәл сондай. Көпшілік Африка жанкүйерлері тағы да «Арыстандардың» жеңісіне тілектес.

Ширек финал қарсаңында қос құрама қиындықтарға тап болды.Марокко құрамасының басты шабуылшыларының бірі Исмаэль Сайбари жарақатына байланысты алаңға шыққан жоқ. Ол Канадаға қарсы 1/8 финалдық кездесудің алғашқы таймында жарақат алып, Әлем Чемпионатын мерзімінен бұрын аяқтаған еді. Ал, Франция сапындағы Килиан Мбаппе Парагваймен өткен матчтан кейін тек алаңдағы қарсыластармен ғана емес, сыртқы қысыммен де күресіп келеді. Соған қарамастан, ол әлем чемпионатындағы француздардың басты үміті саналады. Бірінші таймда Мбаппеге қарсы айып алаңында ереже бұзылып, төреші пенальти белгіледі. Алайда Марокко қақпашысы Яссин Буну 11 метрлік айып добын тамаша қайтарып, француздардың есеп ашуына мүмкіндік бермеді.

Айбек Намазбаев, тілші:

АҚШ пен Португалияның турнирден шығуы билет нарығына да әсер етті. Криштиану Роналдуды көреміз деп келген миллиондаған жанкүйердің жоспары өзгерді. Нәтижесінде ширек финал матчтарына сұраныс азайып, билет бағасы төмендеді. Ең арзан билеттердің құны 2950 доллардан 1200 долларға дейін түсіп кетіпті.

Билет бағасы Дешам шәкірттерінің ойынына еш әсер еткен жоқ. Үзілістен кейін жігерлене шыққан француздар тізгінді толық өз қолына алып, бірінен соң бірі гол соғып, марокколықтардың сағын сындырды. Алдымен Дезире Дуэнің тамаша пасын ұтымды пайдаланған Килиан Мбаппе есеп ашса, араға небәрі алты минут салып өзі де нәтижелі пас беріп, командасының басымдығын арттыра түсті. Марокколықтар есеп айырмасын қысқартуға барынша тырысқанымен, Францияның мығым қорғанысын бұза алмады. Осылайша француздар Атлас арыстандарының әлем чемпионатындағы жорығын екінші рет тоқтатты.


Бөлісу