Басты Жаңалықтар Ат спортына қызығушылық артып келеді

Ат спортына қызығушылық артып келеді

Жастар арасында ат спортына деген қызығушылық артып келеді. Әлеуметтік желіде ат үстінде түсірілген түрлі бейнеролик миллиондаған қаралым жинап, жаңа трендке айналды. Әсіресе Қамбар ата түлігінің құлағында ойнайтын қыздардың қатары қалың. Солардың бірі – қызылжарлық Меруерт Самыратова. Полиция инспекторы бос уақытында атпен серуендегенді жақсы көреді. 

Меруерт Самыратова - қалада туып-өскен, үш баланың анасы. Алғаш рет жылқы малын кішкентай кезінде ауылдағы ата-әжесінің үйіне қонаққа барғанда көрген. Атқа мініп, желмен жарыса жүйітку – балалық арманы екенін айтады. Бұл спортпен шұғылда бастағанына  небәрі 6 ай болса да, ер үстінде еркін отырады.

Меруерт Самаратова, әуесқой спортшы:

Бала кезден атқа жақын болатынмын, ауылда, ата-әжеме барғанда. Жеті қазынаның бірі ғой, адамға рух, күш, сенім береді және де ішкі дүниеңді түсінетін сияқты.

Диас Бейсенбі – кәсіби спортшы. Облыстық балалар мен жасөспімдерге арналған ұлттық және ат спорты мектебінде жаттығады. Теңге ілуден облыстық, республикалық сайыстарда топ жарып жүр.

Диас Бейсенбі, шабандоз:

Бұл спортта ептілік, реакция керек, жылқыны жақсы көремін, өзі мейірімді, балаларға мейірімді. Бізбен жүргенде басқаша өзін көрсетеді. Басқалар мінсе, мінезін көрсетіп, шаппай қалады.

Ат спорты мектебінде теңге ілу, аударыспақ, көкпар, жамбы ату және құсбегілік бағыттары бар. Ұлттық спортқа қызығатын жастардың қатары жыл сайын артып келеді.

Ержан Молдабаев, балалар мен жасөспірімдерге арналған ұлттық және ат спорты мектебі меңгерушісінің орынбасары:

Облысымызда «Арғымақ» ат спортклубы бар, биыл ашылған. Спортшылар жасақталған. Көкпар спорты жасақталған. Петропавл қаласына жақын болғасын қыздар көп жүреді. Бәйгеге, жамбы ату деген спорт түрі бар, әдемі спорт түрі, соған қыздар көп келеді. Бізде биыл Могильная Полина Қазақстан чемпионы болды.

Сұраныс атқан соң, аудандарда ұлттық спорт мектебінің филиалдары ашылған. Бұл ауыл балаларының да ат спортымен кәсіби түрде айналысуына мүмкіндік береді.

Эльмира Кәленова, тілші:

Ат спорты адамға тек физикалық тұрғыдан емес, психологиялық жағынан да пайдалы. Мамандардың айтуынша, әсіресе жасөспірімдердің денсаулығын нығайтып, мінезін шыңдайды. Қазақ халқы үшін жылқы тек көлік емес, мәдениет пен еркіндіктің символы.


Бөлісу