Зеренді көлінің жиегіндегі қарағайлар жаппай қурап барады
Ақмола облысындағы Зеренді көлінің жағасындағы қарағайлар жаппай қурап барады. Бұрын ну орманымен көз тартқан аймақтың бүгінгі көрінісі елді алаңдатып отыр. Жасыл желектің сиреуіне не себеп?
Бибінұр Әмірханқызы, тілші:
1980 жылдарға дейін Зеренді көлінің деңгейі мына мен түсіп келе жатқан жалға дейін жеткен. Содан бері көлдің деңгейі біршама төмендеді. Ғылыми зерттеулерге сәйкес, 1956 жылдан бері көлдің ұзындығы 1 шақырымға, ал ені 600 метрге тартылған. Экологтар тіпті тұйық көл жойылу үстінде деп дабыл қағыпты. Алайда ғасырлық циклге сәйкес, соңғы бес жылда көл қайта толығып келеді. Бұл жақсы үрдіс. Алайда жағымсыз салдары да жоқ емес. Мәселен, 90-жылдары егілген мына қарағайлар ылғалдың көптігінен қурап жатыр.
Бүгінде Зеренді көлін жағалай шамамен 30-ға жуық туристік нысан мен демалыс орындары шоғырланған. Қарағайлардың қурағанын байқаған демалушылар орманды алқапқа қауіп төніп тұр деп алаңдайды.
Насифулла Мақтаев, демалушы:
Жылына бірнеше рет келеміз. Су - бәрі жақсы, бір ішің ауыратыны - қарағайлар қурап жатыр.
Әділбек Қабдрахманов, демалыс орталығының қызметкері:
Кезінде 90-жылдары кісілер еңбектеніп, отырғызған осы жерге, міне, 30 жыл болып қалды. Біраз ағаш қурап жатыр.
Ұлттық табиғи парктің мамандары жасыл желектің жаппай құрып бара жатқаны ылғалдың көптігінен болды дейді. Сонда да Орталық Азияның экологиялық зерттеу институтымен бірлесіп, көлге ғылыми тұрғыдан кешенді зерттеулер жүргізуді қолға алды. Ал 1 гектар аумақтағы 50 текше метр қураған ағаш биылдан қалмай кесілетін болды.
Ерлан Жұмай, «Көкшетау» ұлттық табиғи паркінің мемлекеттік инспекторы, PhD докторы:
Зеренді тұйық болғанымен, жерасты бұлақтар бар, бұлақ көздері ашылған болуы мүмкін. МҰТП санитарлық жұмыстар жүргізіп жатыр.
Зеренді көліндегі су деңгейінің көтерілуі аудан орталығының инфрақұрылымына да кері әсерін тигізді. Мәселен, көл жиегіне жақын орналасқан 17 үйді су басып, төтенше жағдай жарияланды. Бүгінде 12 отбасы қауіпті аумақтан көшірілді. Ал қалған бесеуі қоныс аударудан бас тартқан.
Әділхан Әлжанов, Зеренді аудандық әкімдігінің бөлім басшысы:
Сол төтенше жағдайдың шеңберінде осы Мусин көшесінде бөгет салынған болатын. Қазіргі кезде бөгет толығымен салынып бітті. Оның ұзындығы 1300 м, ені 6 м, тереңдігі 6 метр. Бөгеттің арқасында Мусиннің көшесінің суға кету қаупі азайды.
Көл жиегіне жақын орналасқан көшенің тұрғындарын жерасты суларының көтерілуі де мазалайды. Бұл мақсатта дренажды екі су сорғыш станция орнатылды. Ол сағатына 150 текше метр су шығаруға қауқарлы. Десе де ауыл тұрғындары көлдің артық суы құйылатын қосымша канал салынса дейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы