Басты Жаңалықтар ӘЧ – 2026: Аргентина ширек финалда

ӘЧ – 2026: Аргентина ширек финалда

Футболдан Әлем чемпионатының соңғы 8-ден 1 финалы нағыз драмаға толы болды. Мысыр құрамасымен өткен тартысты кездесуде Аргентина соңғы минуттарға дейін жеңіліп жатқан еді. Алайда Месси бастаған ойыншылар нағыз чемпиондық мінез танытып, ширек финалға жолдама алды. Атланта төріндегі тартысты кездесу жайлы АҚШ-та жүрген әріптесім Айбек Намазбаев айтады.

Айбек Намазбаев, тілші:
Бір аңыз жарыспен қоштасты, екіншісі  бүгін алаңда өз тарихын жалғастыру үшін барын салады. Роналду кеткенімен, оған деген құрмет ешқашан азаймайды. Жылдар бойы олар бір-бірін биікке жетеледі. Бірінің жетістігі екіншісін одан сайын қайрап, нәтижесінде футбол тарихындағы ең ұлы бәсекелестіктің бірі дүниеге келді. Роналду кеткеннен кейін бір дәуірдің парағы жабылғандай көрінуі мүмкін. Алайда Месси алаңда жүрген сайын сол сәттің лебі әлі де сезіледі.
Алғашқы тайм аргентиналықтарды есеңгіретті. Төрешінің ысқырығынан кейін шабуылға шыққан Аргентина құрамасының шабуылын қайтарған мысырлықтар бірінші болып есеп ашты. Сәтті пасты қабылдаған Ясер Ибрахим қорғаушыларды қапы қалдырып, Эмилиано Мартинестің қақпасынан саңылау тапты. Аргентина қысымды күшейтіп, қарсылас қақпасына жақындаған сәтте ереже бұзылып, пенальти белгіленді. Алайда Месси мүмкіндігін пайдалана алмады. Бұл жерде Мессидің қателігінен гөрі, мысырлық қақпашының қырағылығын атап өткен жөн. Бірінші тайм осылай аяқталды. Екінші таймда Салах бастаған жігіттер тағы бір гол соқты, бірақ төреші VAR-ға жүгініп,  оны есепке алмады. Дегенмен мысырлықтар қарқынын бәсеңдетпей, жүйелі шабуыл ұйымдастырып, екінші голын соқты. Бұл жолы есепке алынды. Осы сәтте аргентиналықтардың үміті азайған еді. Ойын соңына қарай Месси нәтижелі пас беріп, Кристиан Ромеро есепті қысқартты. Артынша Лионель Месси де гол соғып, таразы басын теңестірді. Жеңімпаз қосымша уақытта анықталатын сияқты көрінгенімен, Челсидің жартылай қорғаушысы Энцо Фернандес драмалық кездесудің соңғы нүктесін қойып, жанкүйерлерін қуантты. Қорытынды есеп 3:2. Аргентина келесі кезеңге жолдама алды.

Айбек Намазбаев, тілші:

Атлантада нағыз драма болды. Жеңіліп жатқан Аргентина мінез танытып, өз жанкүйерлерін жерге қаратпады. Салах бастаған Мысыр құрамасы бірінші таймда алда тұрғанымен, матч соңында жеңісті уысынан шығарып алды. Футболдың қызығы да осында: соңғы ысқырық естілмейінше ештеңе шешілмейді.


Бөлісу