Елді елең еткізген жаһан жаңалықтары
Axios: Иран кемелерді қайта атқылай бастады
Иран Ислам Республикасы сақшыларының корпусы өткен түнде Ормұз бұғазында екі сауда кемесіне оқ жаудырған. Шабуылдан танкерлерге зақым келді. Мұны америкалық дереккөздерге сүйене отырып, Axios басылымы хабарлады. Иранның бұл әрекетіне АҚШ жауап беруі, осы арқылы екі ел арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қауіп төнуі мүмкін.
Қытайда табиғи апаттан 11 адам қаза тапты
Қытайдың орталық және оңтүстік аудандарында бүгін найзағай жарқылдап, құйын көтеріліп, екпінді жел тұрды. Хубэй провинциясында ауа райының қолайсыздығынан 11 адам қаза тапқан. 300-ден аса тұрғын жараланды. Бірнеше тұрғын із-түссіз жоғалып кеткен. Мыңдаған адам қауіпсіз жерге көшірілді. Ғалымдар әлемде климаттық өзгерістердің қарқыны мен жиілігі артатынын ескертіп отыр.
Конгода 1500-ден аса адамның эбола жұқтырғаны расталды
Конго Демократиялық республикасында 1560 адамның эбола вирусын жұқтырғаны ресми расталды. Індеттен қаза тапқандар саны 506-ға жеткен. 11 мың адам дәрігерлер бақылауында. Қауіпті вирус елдің Итури, Солтүстік және Оңтүстік Киву провинцияларында тіркелген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирусты емдеуге арналған екі препаратты сынақтан өткізіп жатыр. Оған қатысуға мыңнан аса адам ерік білдірген. Сынақ бірнеше ай бойы жалғасады.
Кубада электр қуаты қалпына келе бастады
Толықтай жарықсыз қалған Кубада электр қуаты қайта беріле бастады. Аралдық мемлекетте алдымен аурухана, азық-түлік өндіретін орталықтар энергиямен қамтамасыз етілді. Дегенмен ел астанасы Гаванада электр қуатына деген қажеттіліктің тек бір пайызы ғана өтелген. Кубада жыл басынан бері жарық осымен үшінші мәрте толықтай өшіп отыр. Бұған электр желісінің тозуы, АҚШ енгізген мұнай блокадасы себеп.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы