Газ өңдейтін зауыттардың құрылысына бақылау күшейеді
Шалғай аудандардың барлығына дерлік газ жеткізіледі. Энергетика министрлігі жоспар түзді. Биыл қанша тұрғын отын жағып, көмір алу машақатынан құтылады? Көгілдір отын қымбаттай ма?
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Газ жыл соңына дейін қымбаттамайды. Бүгін Үкімет отырысында Энергетика министрлігі кешенді жоспарды таныстырды. Бағаны ұстап тұру үшін QazaqGaz ішкі нарықты субсидиялауға жыл сайын 226 млрд теңгеден астам қаржы бөлмек.
Әлібек Жамауов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
Өткен жылдың қорытындысы бойынша таза табыс 270,9 миллиард теңгені құрады. Ел бюджетіне 325,8 млрд теңге салық төленді. Әкімдіктердің бюджет қаражаты есебінен салынған газ желілері Қазақ газ балансына тікелей беріледі.
Алдағы 10 жылда елдің 80 пайызына табиғи газ жеткізіледі. Кешенді жоспардың басты бағыты осы.
Былтыр 94 ауыл-аймақта көгілдір отын өткізілді. Барлығы
84 ірі жоба іске асқан. 354 мың тұрғын соның игілігін көрді. Енді жыл соңына
дейін тағы 36 мың азамат қамтылады. Бүгінде табиғи газды пайдаланып отырған
халық саны 13 миллионнан асады. Тұтас
елді қамтамасыз ету жайын Мемлекет басшысы қадағалап отыр.
Ірі жоба Түркістан облысынан басталады. Жыл соңына дейін өңірдің 90 пайызы газбен қамтылады. Сондай-ақ Қарағанды облысында 150 шақырым желі тарту көзделген. Бұдан соң Қашаған мен Қарашығанақтағы газ өңдеу зауыттарына ден қойылады. Екеуін де 2030 жылға дейін іске қосу көзделіп отыр.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
2027 жылы қуаты жылына 1 миллиард текше метр болатын Қашағандағы газ өңдеу зауытын және Жаңаөзен қаласындағы қуаты жылына 0,9 миллиард текше метр болатын Қазақ газ өңдеу зауытын пайдалануға беріледі.
Олжас Бектенов зауыттардың құрылысын апта сайын тексеруді тапсырды. Осылайша жобаға бөлінген қаржының оңды-солды жұмсалмай, тиімді игерілуін қадағалайды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Бұл жобалар ішкі нарық үшін тауарлы газ өндірісін арттырып, мұнай-газ химиясы саласын дамытудың драйвері болуы тиіс. Сондықтан Энергетика министрлігіне, «Самұрық-Қазына» АҚ және «QazaqGaz» АҚ-ға Қашаған, Қарашығанақ және Жаңаөзен газ өңдеу қуаттарында құрылыс-монтаждау жұмыстарын апта сайын бақылау жүйесін енгізуді тапсырамын.
Құрылыс кезінде отандық компанияларда жасалған құрал-жабдықтар пайдаланылады. Үкімет басшысы мұны да қадағалауды тапсырды. Жауаптылар бір айдың ішінде сатып алынатын құрылыс материалдарының нақты тізбесін ұсынуы тиіс.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы