Басты Жаңалықтар «Таза Қазақстан»: «Жасыл елдің» 80-нен астам сарбазы ескерткіш аумағын абаттандырды

«Таза Қазақстан»: «Жасыл елдің» 80-нен астам сарбазы ескерткіш аумағын абаттандырды

«Таза Қазақстан»: «Жасыл елдің» 80-нен астам сарбазы ескерткіш аумағын абаттандырды

Елорда әкімдігінің хабарлауынша, Астанада Махатма Ганди ескерткіші маңында Байқоңыр ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті.

Қаланың қоғамдық кеңістіктерінің бірін абаттандыру жұмысына «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының сарбаздары қатысты.

Акция аясында қатысушылар аумақты қоқыстан тазартып, ағаштарды суарды, жасыл желектерді күтіп-баптап, абаттандыруға қатысты өзге де жұмыстарды атқарды. Мұндай іс-шаралар қаланың тазалығын сақтаумен қатар, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Байқоңыр ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Нұрислам Батырбек акцияның Мемлекет басшысы бастамашылық еткен республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.

«Бүгін экологиялық акцияға «Жасыл елдің» 80-нен астам сарбазы қатысып жатыр. Осындай іс-шаралар жыл бойы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Біз жастармен бірге қоғамдық кеңістіктерді тазалап, жасыл желекті күтіп-баптап, аумақтарды абаттандыру жұмысын жүргіземіз. Мұндай акциялар қаланың тазалығын сақтауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді», - деді ол.

«Жасыл ел» қозғалысының еріктісі Айзере Сайлаудың айтуынша, мұндай бастамаларға қатысу қаланы таза ұстауға ғана емес, табиғатты қорғауды мақсат еткен пікірлес жастардың бір бөлігіне айналуға мүмкіндік береді.

«Біз бұл жерді қоқыстан тазартып, аумақты көркейтіп, Қазақстанның экологиясын сақтауға өз үлесімізді қосу үшін жиналдық. Осындай акциялар еліміздің болашағы үшін өте маңызды. «Жасыл елдің» қатарында болғанды ұнатамын. Мұнда ұйымшыл ұжым және табиғатты аялауды ортақ мақсат еткен белсенді жастар көп», - деді ол.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы туған қаланың тазалығы әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын тағы бір мәрте көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, еріктілердің, жастардың және коммуналдық қызметтердің бірлескен еңбегінің арқасында елорда күн сайын көркейіп, жасыл желегі көбейіп, тұрғындар үшін жайлы қалаға айналып келеді.

#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge  @TazaQazaqstan








Бөлісу