Басты Жаңалықтар Елордада «Асыл мұра» концерті өтті

Елордада «Асыл мұра» концерті өтті

Елордада Ұлттық домбыра күніне арналған дәстүрлі «Асыл мұра» концерті өтті. Ән кешінде Арқа, Сыр, Жетісу, Алтай-Тарбағатай және Батыс өңірлерінің әншілік және күйшілік мектептері кеңінен таныстырылып, дәстүрлі ән, күй мен жыр орындалды. Сахнада белгілі өнер қайраткерлері, дәстүрлі өнер өкілдері мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, көрерменге ұлттық өнердің сан қырын паш етті.

Мәдени жоба қазақтың дәстүрлі музыка өнерінің бай мұрасын дәріптеп, ұлттық құндылықтарды заманауи форматта көпшілікке ұсынды. Қазақтың  әншілік және күйшілік мектептерінің өкілдері бір сахнада тоғысып, ұлттық өнерді жаңа технологиялармен үндестірді.

Ақерке Жұманбаева, қалалық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары:

Бұл концерт қазақтың тарихына үңілетін концерт деп айтуға болады. Өйткені 5 мектептің орындаушылары 1 сахнада кездеседі. Тек концерттік бағдарлама емес, лэд экраннан ЖИ арқылы өте әдемі контент ұсынамыз.

Ән мен жыр шырқалып, күй күмбірлеген кешке еліміздің әр түкпірінен жиналған 90-ға жуық өнерпаз қатысып, қазақтың дәстүрлі өнерінің сан қырын көрермен назарына ұсынды. Олардың қатарында белгілі дәстүрлі өнер майталмандары бар.

Ерболат Шалдыбеков, әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

Бұл концерттің мақсаты ұлттық төл өнерімізді дәріптеп, көпшілікке әрі қарай тарату және шалғай елді мекендегі орындаушыларымызды  арнайы осы Астана қаласының төріне шақыртып, көпшілікпен қауыштыру.

«Асыл мұра» концерті дәстүрлі өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте айқындады. Домбыра үні, ән, күй, жыр мен терме орындалған ән кеші көрерменге ұлттық рух пен мерекелік көңіл күй сыйлады. Шара биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр.

Бөлісу