Ұлттық домбыра күніне орай Қазақстанда 2000-нан астам мәдени іс-шара өтеді
Ұлттық домбыра күніне орай еліміздің түкпір-түкпірінде 2000-нан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Оның ішінде 20-ы республикалық, 98-і облыстық деңгейде ұйымдастырылады. Қалған іс-шаралар аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендерде, сондай-ақ жергілікті мәдениет ұйымдарында өтеді. Мерекелік іс-шараларға 2
миллионнан астам адам қатысады деп жоспарланып отыр.
5 шілдеде Астана қаласындағы
Амфитеатрда Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік концерт өтеді. Алматыда
мерекелік бағдарламалар бірнеше ашық алаңда өткізіледі. Құрманғазы атындағы
Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі Арбатта, «Алатау» дәстүрлі өнер театрында
және Орталық саябақта өнер көрсетеді. Ал Қазақстан Республикасының «Салтанат»
мемлекеттік би ансамблі «Күмбірле, домбыра, Жасай бер, Астана» атты концерттік
бағдарламасын ұсынады.
Шымкент қаласында мерекелік концерт «Шым Сити» саябағында өтеді. Биылғы мерекенің халықаралық бағдарламасы да ауқымды.
Ұлттық домбыра күні Қытай астанасы Бейжіңде де аталып өтеді. Лянма өзенінің жағалауында Қазақстанның мәдени орталығы ұйымдастыратын Dombra Party іс-шарасында шетелдік көрермендерге қазақтың дәстүрлі өнері таныстырылады.
Республикалық деңгейдегі негізгі іс-шаралар қатарында Түркістан облысында өтетін «Күй құдіреті» күйшілер байқауы, Қызылорда облысындағы III республикалық «Сыр толқыны» күйшілер байқауы, Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған «Әсемқоңыр» республикалық домбырашылар байқауы және Солтүстік Қазақстан облысында ұйымдастырылатын V халықаралық «Quzyljar Music Fest» фестивалі бар.
4 шілдеде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен өтетін республикалық #dombrakuni челленджі мерекелік бағдарламаның мазмұнын айшықтай түседі. Челленджге қатысушылар әлеуметтік желілерде ұзақтығы бір минутқа дейінгі домбыра үні, ұлттық өнер мен мерекелік көңіл күйді дәріптейтін бейнероликтерді #dombrakuni хэштегімен жариялай алады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы