Басты Жаңалықтар Әлем жаңалықтарына шолу

Әлем жаңалықтарына шолу

Иранның жоғарғы басшысы Аятолла Әли Хаменеиді жерлеу рәсімі шілденің 4-де басталып, шілденің 9-да туған жері Мешхед қаласында аяқталады. Мұны бүгін осы елдің мемлекеттік ақпарат құралдары хабарлады. Айта кетсек, Хаменеи биыл АҚШ пен Израиль Иранға соғыс ашқан күні, яғни ақпанның 28-де әуе шабуылдарынан мерт болды.

Еуропа одағы Арменияға 18 миллион қосымша экономикалық көмек бермек. Мұны бүгін Ереванға сапарында Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен премьер-министр Никол Пашинянмен кездесуде мәлімдеді. Тағы бір сөзінде ол Арменияның Еуропа одағына экспортының 80 пайызы баж салығынан босатылып, армян жеміс-жидегі мен көкөнісінің 99 пайызына одақ нарығы ашылатынын атап өтті.

Ал Венесуэлада алапат зілзала құрбандарының рухына тағзым ету үшін 7 күндік ұлттық аза тұту жарияланды. Соңғы мәліметтерге сай, қуаты 7,2 және 7,5 балдық жер сілкіністерінен қаза тапқандар саны 2300-ге жуықтап, 11 мыңнан астам адам жараланған. Тағы 40 мыңнан астамы жоғалып кеткендер санатында.

Үндістанда муссон жауыны құйып, елдің қаржылық астанасы Мумбайды топан су басып жатыр. Тасқыннан жолдар жабылып, көлік қатынасы қиындап, тіпті ағаштар құлаған. Елдің Метеорологиялық кеңсесі хабарлағандай, Мумбайда қызыл түсті қауіп деңгейі жарияланып, халыққа жауынның күшеюі мүмкін екені ескертілді. Дегенмен, құрбандар туралы мәлімет түскен жоқ.

Google компаниясы Еуропа одағының монополияға қарсы мекемесімен күресте жеңіліске ұшырады. Сондықтан әлемнің ең ірі іздеу жүйесі сегіз жыл бұрынғы сот шешімі бойынша рекордтық 4,3 миллиард еуро айыппұлды бәрібір төлеуге тиіс. Себебі аппеляциялық сот антимонополиялық органның жағына шығып отыр.

Бөлісу