Әлем жаңалықтарына шолу
Ауған тәліптері Пәкістан Белуджистан провинциясындағы «Ислам мемлекеті» тобының орталығына әуеден соққы бергенін хабарлады. Қарсы жақ болса көрші елден жіберілген бірнеше дронды құлатқанын мәлімдеп отыр. Айта кетсек, дүйсенбі күні Пәкістан әуе күштері Ауғанстан елді мекендерін бомбалап, ондаған адамды мерт қылды. Исламабадқа сенсек, Кабул лаңкестерге пана беріп отыр. Ауған үкіметі болса, бұл мәліметті үнемі жоққа шығарып келеді.
Ливанда соғыстан қашқан 400 мыңдай босқын үйлеріне оралды. Алдағы апталарда тағы сан мың адам оңтүстіктегі елді мекендерге қайтуы керек. Израиль армиясы Иранды жақтаған «Хезболла» жасақтарына наурыздың басында соққы беруге кірісті. Содан бері 1 миллионнан астам ливандық үйлерін тастап кеткен. Олардың кері көшуі қалыпты өмірге оралуды білдірмейді. Өйткені әскери қақтығыс кезінде 90 мыңға жуық баспананың тас-талқаны шыққан немесе жартылай зақымданған.
Перуде өткен президенттік сайлаудың екінші турында консервативтік үміткер Кейко Фухимори жеңіске жетті. 51 жастағы саясаткер осы мемлекетті 90-шы жылдардың соңында басқарып, адамзатқа қарсы қылмыс жасады деген айыппен сотталған Альберто Фухиморидің қызы. Оған электораттың 50 пайыздан астамы, солшыл кандидат Роберт Санческе 49,8 пайызы дауыс берген.
АҚШ аумағында шетелдіктер мен заңсыз мигранттардан туған балалар автоматты түрде Америка азаматтығын алуға құқылы. Құрама Штаттардың Жоғарғы соты сәрсенбі күні шығарған үкім осындай. Бұл – президент Дональд Трамп үшін үлкен жеңіліс. Өйткені әділет органы Трамп 2025 жылы қаңтарда қол қойған азаматтықты шектеу туралы қаулының күшін жойып отыр.
Венесуэлада туғанына 18 күн болған нәресте мен анасы жер сілкінісінен қираған ауданнан тірі табылды. Олар құлаған үйдің астында 32 сағат бойы жатқан. Бұл мемлекетте қуаты 7,2 және 7,5 баллдық жер сілкіністері өткен сәрсенбіде болды. Табиғи апат құрбандардың жалпы саны 1900-ден асып, 43200 тұрғын жоғалып кеткендер тізіміне ілігіп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы