Әлем жаңалықтарына шолу
АҚШ пен Иранның техникалық топтары келіссөз жүргізу үшін осы аптада Қатар астанасы Дохаға аттанады. Мұны «Рейтер» агенттігі хабарлап отыр. Алайда, Тегеран алдағы күндері Америка делегациясымен ешқандай кездесу жоспарланбағанын мәлімдеді. Қазір тараптар арасындағы ең даулы мәселе – Ормұз бұғазының болашағы. Иран әлем мұнайының жиырма пайызы өтетін бұл су жолына бақылау орнатып, одан өтетін кемелерден ақы алғысы келеді. Ал Вашингтон мұндай идеяға үзілді-кесілді қарсы.
Венесуэлада алапат жер сілкінісі құрбандарының саны 1700-ден асты. Тағы 5 мыңдай тұрғын жараланған. Бұл оңтүстікамерикалық мемлекетте қуаты 7,2 және 7,5 баллдық екі зілзала сәрсенбі күні болды. Қазір жер дүмпуінен тас-талқаны шыққан аудандарда іздеу-құтқару операциялары жалғасып жатыр. Опат болғандар саны мыңдап өсуі мүмкін. Себебі 45 мыңдай адам - жоғалып кеткендер санатында.
Оңтүстік Африка Республикасында иммигранттарға қарсы ауқымды марш басталды. Шеруге байланысты елде кәсіпорындар жабылып, шабуылға ұшыраудан қауіптеніп мигранттардың көбі жұмысқа шықпады. 2023 жылғы статистикаға жүгінсек, Оңтүстік Африкада мигранттар саны 3 миллионнан асып, ел халқының 4 пайызына жеткен. Өзі немесе мүлкі шабуылға ұшырап жатқан шетелдіктердің ішінде заңды мигранттар да бар.
2025 жылы әлемде долларлық миллионерлер саны 11 пайызға жуық өсіп, 1 миллион адамға көбейген. Мұны Швейцарияның UBS банкі өзінің Жаһандық байлық туралы кезекті есебінде хабарлады. Қаржы ұйымының дерегінше, дәулеттілердің қатарына енді қосылғандардың 440 мыңы - америкалық. Айта кетсек, 2023-2024 жылдары дүниежүзінде миллионерлердің саны шамамен 4,2 пайызға ғана өскен еді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы