Туристік аймақтарды санитарлық бақылау қатаңдатылды
Еліміздегі туристік аймақтар мен қоғамдық жағажайлардың санитариялық жағдайы жіті бақылауға алынды. Қазір санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің тұрақты бақылауында 1225 курорттық аймақ пен 304 қоғамдық жағажай бар. Оның 706-сы демалыс базасы, ал 120 жағажай санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алған. Мамандардың айтуынша, кемшіліктердің басым бөлігі рұқсат беру құжаттарының болмауына байланысты. Санитариялық талаптарды бұзған 470 нысанға қатысты жедел ден қою шаралары қабылданып, олардың қызметі уақытша тоқтатылды.
Туристік инфрақұрылым нысандарының санитариялық жағдайына мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мен мониторинг тұрақты түрде жүргізіледі. Бақылау жұмыстарының нәтижесінде 900 ұсыным берілді. Ал қабылданған шаралардың нәтижесінде 247 нысан заңбұзушылықтар жойылып, санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алынды.
Сондай-ақ еліміздің барлық эндемиялық аймақтарында кенеге қарсы өңдеудің бірінші кезеңі аяқталды. Комитет төрағасы Сархат Бейсенованың айтуынша, кене энцефалиті тіркелетін өңірлерде иммуноглобулиннің жеткілікті қоры жасақталған. Жыл сайын Қазақстанда кене энцефалитінің 24-тен 48-ге дейінгі жағдайы тіркеледі. Ал кене шағуына байланысты медициналық көмекке жүгінетіндер саны 10 мыңнан 16 мың адамға дейін жетеді. Биыл кене энцефалитінің 24 жағдайы тіркелген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы