Алматы облысында қылмыстық топ ұсталды
Ішкі істер министрлігі «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында есірткіні заңсыз өндіру және таратумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты. «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Алматы облысында жасырын есірткі фитозертханасы анықталды. Зертхана заманауи автоматтандырылған желдету, жарықтандыру, суару және температураны бақылау жүйелерімен жабдықталған. Тінту кезінде 29 түп қарасора, 27 келі дайын есірткі, арнайы өсіру жабдықтары, электрондық құрылғылар, 3 миллиондай теңге және оқ-дәрілері бар тіркелмеген қару тәркіленді. Қылмыстық сызбаның барлық қатысушыларын, жабдықтар мен тұқымдық материалдарды жеткізу арналарын, сондай-ақ өзге де заңсыз әрекеттерді анықтауға бағытталған тергеу жалғасып жатыр. Іс бойынша ұсталған күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бақытжан Әмірханов, ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы:
Аталған фитозертхананың ұйымдастырушысы 40 жастағы ер адам ұзақ уақыт бойы каннабис тобына жататын есірткілерді өсіру технологиясын жан-жақты зерттеп, жер телімінде ауданы 100 шаршы метрден асатын арнайы салынған жеке ғимаратта жасырын өндірісті кеңейтуді жоспарлаған. Жедел-тергеу іс-шаралары барысында оның қылмыстық байланысы анықталып, бұрын аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бірнеше рет сотталған 45 жастағы ер адам ұсталды.