Басты Жаңалықтар Әлем жаңалықтарына шолу

Әлем жаңалықтарына шолу

Бүгін әлем биржаларында мұнайдың Brent маркасының баррелі 1,3 пайызға арзандап, 76 долларға саудалана бастады. Ал осы шикізаттың америкалық сұрыбының бөшкесі 72 долларға сатылып жатыр. Бұл – наурыздан бергі ең төменгі көрсеткіш. «Қара алтынның»  құн жоғалтуына Парсы шығанағында Иран соғысынан тұралаған талай танкердің Ормұз бұғазынан қайта өтуге әзірленіп жатуы себепші.

АҚШ-та мемлекеттен тегін азық-түлікке талон алатын тұрғындар саны алғаш рет 40 миллионнан азайды. Яғни, миллиондаған америкалық тамақ тарататын банктердің көмегінен айрылып отыр. Жәрдем алушылар қатарының кемуіне президент Дональд Трамптың «Бір үлкен әдемі заң» атты жобаға қол қоюы себеп. Ақ үйдің мәлімдеуінше, бұл құжаттың мақсаты – федералдық бюджетті бақылаусыз жұмсауды доғару.

Түркия қауіпсіздік күштері терроризмге қарсы рейд жүргізіп, 209 адамды тұтқындады. Айта кетсек, Анкарада шілденің 7-8-і күндері НАТО-ның саммиті өтеді. Соған  байланысты маусымның 28-нен шілденің 10-на дейін ел астанасында шерулерге, баспасөз конференцияларын өткізуге және бір жерге жиналуға тыйым салынып отыр.

Францияда алғаш рет Эбола вирусын жұқтыру оқиғасы расталды. Қауіпті ауруға шалдыққан адам Конго Демократиялық Республикасына гуманитарлық миссиямен барып, жақында еліне оралған. Айта кетсек, бұл орталықафрикалық мемлекеттің өзінде Эболаны 1000-нан астам адам жұқтырып, сол науқастардың 260-ы қайтыс болған.

Бөлісу