Еуропаның бірнеше мемлекеті аптап ыстықтан зардап шегіп отыр
Еуропада сынап бағанасы рекордтық деңгейге көтеріліп жатыр. Францияда аптап ыстықтан қайтыс болғандар бар және ондаған миллион адам зардап шегіп отыр.
Франция аумағының шамамен жартысында аптап ыстыққа байланысты қауіптің қызыл түсті деңгейі жарияланды. Солардың қатарында Париж де бар. Ал оңтүстік-батыстағы Бордода бүгін сынап бағанасы 43 градусқа дейін көтерілді. Күн шыжып тұрса да, ұлттық музыка фестивалі жалғасып жатыр. Оны тамашалау үшін бүкіл елде милллиондаған адам көшеге шығады. Осы мереке барысында қоғамдық жерлерде алькогольдік ішімдік тұтынуға тыйым салынды. Себебі жедел жәрдем қызметі мен дәрігерлерді мастарға емес, ең алдымен халықтың осал топтарына көмекке жұмылдыру қажет болып отыр.
Соңғы мәліметке қарағанда, Францияда ыстықтан 80 мен 95 жас аралығындағы үш адам қайтыс болып, 63 миллиондай тұрғын зардап шегіп отырса керек.
Мариэле Салехи, Байланыс саласының қызметкері:
Үйім салқындау. Шымылдықты жауып қойып, сыртқа көп шықпауға тырысамын. Далада аптап ыстық. Соған қарамастан, көшеде адам көп. Кешкісін ішкендер, билеушілер көп болатын тәрізді.
Жалпы алғанда, бүгін Францияда 845 мектеп жабылды. Тағы 1800-і оқушыларға үйлеріне ерте қайтуға рұқсат берген.
Ал Италияның Болонья, Флоренция, Турин, Милан тәрізді сегіз қаласында қауіп дәрежесі ең жоғары деңгейге көтерілді. Сонымен қатар, Испания басшылығы да елдің басым бөлігінде ауа температурасы 40 градусқа дейін жоғарылайтынын ескертіп отыр. Тағы бір айта кететін жайт, Британия, Германия, Хорватия, Польша, Бельгия сияқты елдерде де сынап бағанасы 30-35 градусты көрсетіп тұр.
Жануарлар ыстықты әртүрлі қабылдап жатыр. Орангутан суды көбірек қажет етсе, құстарға топыраққа аунап, шаң ваннасын қабылдаған ұнайтын тәрізді.
Валентина, жергілікті тұрғын:
Меніңше, ыстық аяқ астынан басталған тәрізді. Тым тез жетті ғой. Оған үйренуге уақыт қажет. Қазір қорғанудың жолын қарастырып жүрмін. Күннің астында ұзақ жүрмей, көлеңкелі жерді тезірек табуға тырысамын. Бір жағынан – жаздың аты жаз ғой.
Аймақта температураның мұнша көтерілуіне Сахара шөлінен ыстық ауаның солтүстікке қарай жылжуы себепші. Метеорологтардың сөзімен айтсақ, «Қара құрлықтан» жеткен ыстықтан орталық және батыс Еуропаның үстінде «жылу күмбезі» пайда болып, температураның күн сайын көтерілуіне түрткі болып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы