АҚШ пен Иран атысты тоқтату туралы келісімге ресми түрде қол қояды
Жұма күні АҚШ пен Иран атысты тоқтату туралы келісімге ресми түрде қол қояды. Содан кейін Ормұз бұғазы қайта ашылып, Трамп айтқандай, мұнай ағыны қайта басталады. Ал ядролық келіссөздер кейін өтуі керек. Құрама Штаттар жетекшісі бұл соғыста алдына қойған мақсаттарына жетті ме?
Трамп Иранмен соғыста мақсаттарына жетті ме? Бұл сауалға «иә» деп кесімді жауап айту қиын. Мәселен, соғысқа дейін Иран баллистикалық зымыран қоры жағынан Таяу Шығыста ең бай ел саналды. Оның 6 мыңға жуық ракетасының кейбірі Израильге, ендігі бірі кластерлік бомбамен2 мың шақырымға жетуге қауқарлы еді. Америкалықтар осы арсеналдың үштен бірін жойдық, зақымдадық дейді. Бірақ маусымның 6-7-і күндері Ислам Республикасының ракеталары Кувейтке, Бахрейнге, Израильге соққы берді.
Йосси Мекелберг, халықаралық қатынастар профессоры:
Президент Трамп соғысу үшін сайланған жоқ. Оның тұсында Америка Құрама Штаттары Таяу Шығыста жеңіске жету мүмкін емес соғысқа килікті. Әрине Иранның істеп жатқанын ақтап алғым келмейді. Бірақ қарулы жанжал басталғаннан кейін бірнеше ай өткенде біз Иранның шабуылға төтеп бере алатын мүмкіндігіне әу-баста төмен баға бергенімізді түсіндік.
Наурыздың 2-де Трамп Иранның Газадағы, Йемендегі, Ирактағы, Ливандағы шииттік одақтастарын қаруландыруына жол бермеуге шақырды. Бірақ Сирияда Асад үкіметінің құлауы мен Израильдің Газаны талқандауы әсер етті ме, биылғы Иран соғысында бұл жерлердегі қарулы топтар Америкаға қарсылық көрсеткен жоқ. Тек ивандық «Хезболла» ғана Иранды жақтады.
Ал Иран армиясының қазіргі хәлі нешік? Бұл сауалға америкалық генерал Брэд Купер өткен айда Конгресс алдында жауап берді. Оған сенсек, Пентагон Иранның 161 әскери кемесін жойып, әуе шабуылына қарсы қондырғыларының 82 пайызын істен шығарып, Тегеранды Таяу Шығыс пен осы аймақтағы Америка қарулы күштеріне қауіп төндіретін мүмкіндігін айырыпты. Алайда, Иран ракеталық катерлерімен, миналарымен Ормұз бұғазын соғыстың басынан соңына дейін жабық ұстап, әлем экономикасын энергетикалық дағдарысқа душар еткені белгілі.
Дэнни Цитинович, Израильдік сарапшы:
Қазіргі статус-кво бір нәрсені білдіреді: кемелер Иран билігінің мақұлдауынсыз бұғаздан өте алмайды. Өкінішке қарай, бұл жағдайды өзгерту қиын. Егер АҚШ су жолын ашуға тырысса, ирандықтардың шабуылына тап болары анық.
Дегенмен, Трамп өткен тәулікте мәлімдегендей, Ормұз жұма күні қайта ашылады. Құрама Штаттар Иран билігін құлатуды да мақсат етті. Бірақ теократиялық үкімет ақпанның 28-де мерт болған аятолла Әли Хаменейдің ұлы Моджтаба Хаменейдің қолына өтті. Трамп оның билігін «жаңа әрі ақылға қонымды режим» деп атап, Иран басшыларын құлатуға шақыруды доғарды. Тағы бір айта кететін жайт – АҚШ пен Израиль Иранға шабуыл жасай отырып, Тегеранның ядролық бағдарламасын жоюға да әрекеттенді. Бұл мәселе алдағы келіссөздерде басты тақырыпқа айналады. Трамптың ойынша, Иранның байытылған ураны елден шығарылуы керек. Ал жаңа рухани жетекші бұл идеяға үзілді-кесілді қарсы.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы