Басты Жаңалықтар «Үлкен жетілік» саммитінде Трамп пен Зеленский кездесті

«Үлкен жетілік» саммитінде Трамп пен Зеленский кездесті

Енді жаһаннан бірер жаңалық. Соңғы айларда Иран соғысының көлеңкесінде қалып қойған Украинадағы қарулы қақтығыс әлемдік саясаттың күн тәртібіне қайта шықты. Францияның Эвиан қаласында өтіп жатқан «Үлкен жетілік» саммитінде Украина президент Владимир Зеленский Құрама Штаттар жетекшісі Дональд Трамппен кездесті.

Осы жүздесуден кейін АҚШ президенті мәлімдеме жасап, Зеленскиймен жақсы келіссөз жүргізгенін айтып, Ресейді Украинамен бейбіт келісім жасауға шақырды.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Ресей келісім жасауға тиіс. Себебі ол да Украина тәрізді өте көп адам жоғалтып жатыр. Өткен айдың өзінде екі ел 35 мың жауынгерден айрылған екен. Есептеп көріңіздерші. Бұл дегеніміз айына орта есеппен 25 мың адамды құрбан ету ғой. Қырғынға ұшырап жатқандар – негізінен әп-әдемі, жап-жас жігіттер.

«Рейтер» агенттігінің мәліметінше, Киев күштерінің майданда басымдық байқатып жатқан шағын пайдаланып, Зеленский мен Еуропа лидерлері Трампқа Украинаны қолдауды күшейту туралы қолқа салған. Ал АҚШ президенті Ресей-Украина соғысына нүкте қоюға бар күшін салуға уәде берді.

Тағы бір сөзінде Трамп АҚШ-Иран келісіміне қол қойылып қойғанын жариялады. Дегенмен, ол құжат жұма күні Женевада ресми түрде бекітілмек.


Бөлісу