Басты Жаңалықтар Судағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Судағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Жазғы маусым кезінде судағы қауіпсіздік мәселесі өзекті. Елордада шомылу маусымы басталғалы  қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Қазір құтқарушылар күн сайын Есіл өзені мен арнайы белгіленген жағажайларда патрульдік қызмет атқарады. Мамандар  қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады.

Аптап ыстықта астаналықтар ерке Есілдің жағасына ағылады. Бүгін жұмыс күні болса да, жағажайға келушілер көп. Бірі күнге қыздырынса, енді бірі өзен суына түсіп, салқындап жүр. Балық аулауға шыққандар да бар. Мұндай күндері құтқарушылардың да жұмысы қыза түседі.

Мейіржан Есенбеков, Астана қаласы ТЖД жедел құтқару жасағының құтқарушысы:

Есіл өзені жағалауында күнделікті таңғы 7-ден бастап кезекші боламыз. Шомылуға болмайтын жерлерде көп шомылады. Мысалы Ақбұлақ районы, Шұбар районы, Ататүрік саябағы. Соларға ескерту, түсініктеме жұмыстары жүргізіледі. Астана қаласының тұрғындарынан тек рұқсат етілген жерге суға түсулерін сұраймыз.

Қазір Астанада суға түсуге рұқсат берілген бес орын бар. Ал 21 аймақта шомылуға тыйым салынған. Дегенмен, белгіленбеген жерлерде шомылатындар азаймай тұр дейді мамандар. Сондықтан бақылау да күшейген. Рейдтік іс-шаралар күн сайын таңғы сағат 7 ден кешкі 9-ға дейін жүргізіледі. Ал мереке және демалыс күндеріде профилактикалық шаралар ұйымдастырылады.

Әрлен Бүркітбай, Астана қаласы ТЖД бастығының орынбасары:

Елордада қазіргі уақытта бес жағажай бар. Коммуналдық, қалалық және үш жеке демалыс орындары. Есіл өзенің бойымен күнделікті департаменттің жеке құрамы, жүзу құралдарымен және жаяу патрульдер. Сонымен қатар осы жерлерді бақылауға бейнекамералар орналасқан және 3 дрон қолданылады.

Мамандардың айтуынша, суға түсуге тыйым салынған орындарда шомылған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай жағдайда 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылғанын ескертеді.

Бөлісу