Басты Жаңалықтар Сенат рақымшылық туралы заңды мақұлдады

Сенат рақымшылық туралы заңды мақұлдады

Елімізде 15 мыңнан астам сотталған азаматқа рақымшылық жасалады. Сенат жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты әзірленген заңды мақұлдады. Заңға сәйкес, қылмыстық теріс қылықтар мен ауырлығы жеңіл қылмыстар жасаған азаматтар жазадан босатылады. Дегенмен амнистия террористік және экстремистік қылмыс жасағандарға, жемқорларға, азаптау фактілері бойынша істі болғандарға, сондай-ақ зорлық-зомбылық көрсеткендер мен өмір бойына түрмеге қамалғандарға қолданылмайды. Заң аясында тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы әкімшілік рақымшылық та жүзеге асады. Соның нәтижесінде азаматтар мен кәсіпкерлердің орындалмаған әкімшілік айыппұлдарының бір бөлігі кешіріледі. Алдын ала есеп бойынша рақымшылық 15 300 адамды қамтиды. Оның ішінде 4 жарым мыңға жуық азамат жазадан толық босатылса, 10 мыңнан астам адамның жаза мерзімі қысқартылады.

Мәулен Әшімбаев, Сенат төрағасы:
Президентіміз жаңа Конституцияның қабылдануына орай қылмыстық және әкімшілк рақымшылық жасауды тапсырды. Заңдар аясында соттардың қарауындағы тоқтатылатын, сондай-ақ жазадан босатылатын істердің санаттары айқындалды. Сонымен бірге алғаш рет әкімшілік рақымшылық жасалады. Бұл заңдарды тәртіп бұзуға жол берген адамдарға қоғам мен мемлекет тарапынан жасалған гуманистік қадам деп қабыладймыз.


Бөлісу