Былтыр әлеуметтік салаға 9,3 трлн теңге бөлінген
Экономикадағы өсімнің басты көрсеткіші - халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы. Былтыр өңірлерге триллиондаған теңге бөлініп, жаңа мектептер, ауруханалар, жатақханалар мен тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Жол құрылысының қарқын алуы да елді мекендер арасындағы байланысты күшейтіп, тұрғындардың өмір сапасына оң әсер етіп отыр. Бүгін Мәжілісте 2025 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы жайында есеп берілді. Нақты нәтиже қандай?
2025 жыл Қазақстан экономикасы үшін серпінді кезең болды. Ел экономикасы 6,5 пайызға өсіп, соңғы жылдардағы жоғары көрсеткіштердің біріне қол жеткізді. Бұл өсімнің артында жаңа мектептер мен ауруханалар құрылысы, тұрғын үй көлемінің артуы, жол инфрақұрылымының жаңаруы және өңірлерді дамытуға бағытталған ауқымды жобалар тұр.
Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:
2025 жылдың қорытындысы бойынша, экономика 6,5%-ға өсті. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2024 жылы жалпы ішкі өнімнің өсімі 5% құраған еді. Өсімге негіз болған - көлік, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі және сауда салалары. Өңірлерді қолдауға 7,7 трлн теңге бағытталған болса, әлеуметтік салаға 9,3 трлн теңге жіберілді.
Министрдің мәліметінше, Ұлттық жобалар шеңберінде 198 мектептің және 655 денсаулық сақтау объектісінің құрылысы аяқталды. 10 мыңнан астам студенттер үшін 30 жатақхана мен 20 млн шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілді. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 5 мыңнан аса баспана сатып алынды. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жұмыстар жалғасуда. Жол құрысы да қарқын алған.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
Өткен жылдың соңында «Қызылорда – Жезқазған» автожолының 216 шақырымының құрылысы аяқталды. Биыл Ұлытау мен Қызылорда арасындағы жолды толық аяқтап, оны халық игілігіне береміз. Сонымен қатар «Қарағанды – Жезқазған» автожолы – аса маңызды жобалардың бірі. Жолдың ұзындығы 575 шақырым, құны 524 млрд теңгені құрайды. Оның құрылысын да осы айдың соңына дейін бастаймыз және алдағы екі жыл ішінде сапалы түрде аяқтаймыз.
Дегенмен Мәжілістегі есеп барысында тек жетістіктер ғана емес, шешімін күткен мәселелер де көтерілді. Бюджет кірісі жоспарланған көлемнен 336 миллиард теңгеге кем орындалған. Бұған мұнай бағасының төмендеуі, экспорт көлемінің қысқаруы және әлемдік экономикалық ахуал әсер еткен. Мәселен, мұнайдың орташа бағамы 6 долларға дейін арзандап кетті.
Депутаттар бюджеттің бір жылда 8 рет өзгертілуін жоспарлау жүйесіндегі әлсіздік пен нақты есептің жеткіліксіздігінің айқын көрінісі ретінде қатаң сынға алды. Сонымен қатар депутаттар әлеуметтік төлемдер жүйесіндегі олқылықтарға да назар аударды. Мәжілісте мәлім болғандай, қазір елімізде заңсыз декреттік төлемдерге қатысты 38 қылмыстық іс қозғалған. Бұл істер бойынша мыңнан астам әйелге қатысты тергеу жүргізілуде. Алдын ала есептелген жалпы шығын көлемі 3 млрд теңгені құрайды.
Самал Қабышева, тілші:
Депутаттар декреттік төлемдерге қатысты 40-қа жуық қылмыстық істің тергелуін жүйедегі бақылаудың әлсіздігі ретінде көтерді. Бұл жағдай әлеуметтік төлемдердің әділдігіне күмән туғызып отыр. Тергеу миллиардтаған теңгенің заңсыз алынғанын көрсетіп, бюджет қаражатының қорғалуына қатысты сұрақты күшейтті. Сондықтан негізгі талап – әлеуметтік төлемдер жүйесін қатаң тексеріске алып, ашық әрі әділ тәртіп орнату.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы