Англияда туристерге салық салынуы мүмкін
Лондонға барып, Биг-Бенді көруді жоспарлаған қазақстандықтар алдағы уақытта қосымша туристік алым төлеуі мүмкін. Англияда саяхатшыларға арналған салық енгізу жоспарланып жатыр. Бірақ бұл бастамаға қонақжайлық саласының өкілдері наразы.
Марина Бекенова, тілші:
Ұлыбритания үкіметі қала басшыларына қонақүйге тоқтаған туристерден қосымша алым алуға құқық беруді жоспарлап отыр. Бұл қаржы шаһарларды дамытуға жұмсалмақ. Оны шетелдіктермен қатар, жергілікті халық та төлейтін болады.
Қоғамдық көлікке міну және көрікті орындарға кіру билеттерін туристердің өздері сатып алатыны рас. Бірақ саяхатшылардың саны көбейген сайын қалаға түсетін салмақ та артып отыр: көшелерді тазалау, қоғамдық орындарды күтіп ұстау сияқты қосымша шығындар көбейіп тұр.
Энди Бёрнем, Ұлыбритания Премьер-министрі:
Бұл қызметтердің ақысын жергілікті тұрғындар ғана өтемеуі керек. Оларды сырттан келген қонақтар да пайдаланады, сондықтан туристер де өз үлесін қосуы тиіс.
Қонақүй ақысы неғұрлым арзан болса, қосымша төлем де соғұрлым аз болады. Онға жуық мэр алым мөлшерін бес пайыздан асырмауға келісіп отыр. Бірақ қонақжайлық саласының өкілдері бұл салық сапар құнын қымбаттатып, сұранысты төмендетеді, сәйкесінше индустрияға залал келтіруі мүмкін деп алаңдайды.
Леон Томпсон, Қонақжайлылық қауымдастығының атқарушы директоры:
Қосымша салық енгізілген жағдайда, оның жергілікті экономикаға салқыны тиюі мүмкін. Егер саяхатшылардың саны азайса, қонақ үйлер өз қызметкерлерін қысқартуға мәжбүр болады.
Жаңа жүйе шамамен 2028 жылдың көктемінде іске қосылуы мүмкін. Оған дейін әр өңір алым енгізу-енгізбеу мәселесін, туристер қанша төлеуі керектігін және жиналған ақшаның нақты қайда жұмсалатынын шешуі тиіс.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы