Басты Жаңалықтар Жыл басынан бері 12 мыңнан астам жол апаты тіркелген

Жыл басынан бері 12 мыңнан астам жол апаты тіркелген

Қара жолдағы қасірет азаймай тұр. Жыл басталғалы алғашқы 4 айда 12 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. 17 мыңға жуық адам зардап шекті. Бұл құрғақ санайғақ емес, салмағы ауыр дерек. Бұйрық дейміз, тағдыр дейміз, ережені ескермейміз.

Ернұр Медет, тілші:

Биыл 1 сәуірдегі статистикаға сәйкес, елімізде 6 млн-ға жуық автокөлік тіркелген. Орта есеппен әр 3-4 адамға 1 көліктен келеді. Темір тұлпар тізгіндегендер көбейген сайын, тас жолда талай адамның тағдыры тас-талқан болып жатқаны рас. Мамандардың айтуынша, опат болғандардың әрбір 5-сі қарама-қарсы бағытқа шықса, әрбір 3-сі жылдамдықты асыру салдарынан көлік тізгініне ие бола алмай қаза табады. Маңызды әрі негізгі ережелер мыналар: Жасыл шам жыпылықтай бастағанда қиылыстан өтіп үлгеремін деп жылдамдықты арттырмаңыз. Бірнеше секунд ұтамын деген асығыстық жол апатына себеп болуы мүмкін. Алдыңғы көлікпен арадағы қашықтықты сақтаған абзал. Кенет тежелген жағдайда соқтығысудың алдын алады. Сондай-ақ ірі жүк көлігінің жанында жүргенде сақ болыңыз. Жүк көлігінің алды, арты және екі қапталында жүргізушіге көрінбейтін «соқыр аймақ» болады. Сондықтан дәл осы тұста ол сізді байқамай қалады. Ал кептелісте жолақ ауыстыру ең алдымен айнаға қарап, қауіпсіз екеніне көз жеткізгеннен кейін ғана жасалады. Рөлде отырған кезде телефонға телміру, тіпті хабарламаға жауап беремін деген ойдың өзі қауіпті. Көлік тізгіндегенде назар тек жолда болуы тиіс. Ең бастысы жүргізуші тек өз өміріне ғана емес, көлік ішндегі адамдардың да тағдырына жауапты екенін ескерсе дейді мамандар.


Бөлісу